Павлодарлық студенттер пластик қақпақтардан асық жасады
Естай атындағы мәдениет сарайында колледж студенттерінің үздік сегіз стартап-жобасы ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
70-тен астам стартап-жобаның ішінен нарыққа шығару үшін инвесторлары бар үздік 8 жоба ұсынылды. Іс-шараға болашақта инвестор бола алатын ірі және орта кәсіпкерлер шақырылған.
– Стартап алаңы біздің студенттерге өз жобалары арқылы ақша табуға мүмкіндік береді, – деді Павлодар облысы білім беру басқармасы кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Қарлығаш Саинова. – Алаңға пластмасса қосылған төсеніштер жобасы, қауіпсіздік үшін қазір өзекті жарық терезелер, ашытылған сүт өнімдерін әзірлеу және жасау жобасы, галограмма форматында оқу бағдарламаларын құру, топырақты бақылаудың агротехнологиялық жүйесі және пластикалық қақпақтардан асық жасау жобалары ұсынылды.
Павлодар жоғары мұнай-газ колледжі студенттері полимерден, яғни, пластикалық қақпақтардан түрлі түсті асық жасаған. Жобаның басты мақсаты – қаланы қоқыстардан тазарту, сондай-ақ ұлттық спорт түрін насихаттау.
– Қақпақтар түсі, пішіні бойынша сұрыпталады. Содан кейін ұсақтағышқа түседі. Ұсақталғаннан кейін араластыру және қоспалар қосу процесі жүреді. Қоспалардан құм пластификаторлар мен бояғыштар қосылады. Келесі қадам-араластырғышта араластырылған біртекті масса экструзия процесі жүретін экструдерге түседі. Кейін пластик 120-150 градусқа дейін қызып, жұмсақ болады. Келесі қадам – бұл гидравликалық пресске түседі, онда қысыммен асық формасы пластикті қысып, дайын асықтың формасы алынады, – деді студенттер.
ИнеУ жоғары колледжінің студенті Тамерлан Ибрайхановтың топырақты бақылаудың агротехнологиялық жүйесі жобасы прототип сатысында екенін айтты.
– Қондырғымыздың әлеуеті өте зор. Датчиктерден алынған ылғалдылық сайтқа шығарылады және бір батырма басу арқылы топырақты суаруға болады. Бұл су шығынын, электр энергиясын және уақытты өте үнемдейді. Сайтта соңғы суару күні мен уақыты да көрсетіледі. Мұндай құрылғыларға сұраныс өте көп, өйткені Қазақстан жерлерге бай және бізде аграрлық сала өте дамыған, – деді жоба авторы.
Аталмыш құрылғылардың бір гектар жерге алты-сегіз дарасы орнатылады. Бұл жобаның құны бір гектар жерге шамамен бес жүз мың теңгені құрайды. Құрылғының ерекшелігі – қашықтықтан суаруға болатындығында.