Павлодарлық журналист ақпарат таратудағы хайпқа қарсы
Желіде Мәжіліс депутатының әлеуметтік желілерді қолданушылардың жауапкершілігін арттыру бойынша ұсынысы қызу талқылануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Күні кеше ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Анас Баққожаев блогерлер қызметін реттеу керектігін атап өткен. Оның айтуынша, заң алдындағы жауапкершіліктің жоқтығы әлеуметтік желілердегі келеңсіз оқиғаларға әкеледі.
- Қазір өзін блогермін дегендер ақпараттың рас-өтірігін тексермей, оңай жолмен баю мақсатында кез келген адамға жала жабудан тайынбайтын, бопсалап ақша табатын, атаққұмар, елдің берекесіне қатер төндіретін адамдар, - деп қайырды Анас Баққожаев. – Дәл осы блогерлер талай жылдан бері ұмыт болған қаржылық пирамидалардың қайта құрылуына сеп болғанын жақсы білеміз. Сол алаяқтарға сеніп қалған қанша адам суицид жасады, денсаулығынан айырылды, үйсіз-күйсіз қалды. Біз қысқа уақыт ішінде сөзі мен ісіне жауап бере алмайтын блогерлердің отанына айналып кеткендейміз. Жауапкершілік жоқ екенін сезінген мұндай адамдар, әрине, ойына келгенін істейді. Сөз бостандығы деген осы ма?!
Анас Баққожаевтың сөзіне қарағанда, кәсіби журналистика осының салдарынан абыройынан айырылып, журналистер жұмыссыз қалды. Халық қалаулысы тез арада БАҚ туралы заңды қайта қарап, оны Мәжілістің талқысына салуды талап етті.
- Біз осылайша тұтастай бір мамандықты қор қылып отырмыз. Журналистердің көбі жұмыссыз. Олардың білімі де талабы да бар. Олардың блогерлерден айырмашылығы – тек әдептілігінде. Сондықтан да жұмыссыз шығар, - деп күйінді Анас Баққожаев.
Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Болат Аманбаев та осындай пікірде. Оның пікірінше, әлеуметтік желілердің белең алғаны сонша, адамдар журналист пен блогерді шатастыратын болған.
- Қазір мынандай түсінік қалыптасты: екінің бірі журналист бола алады. Блогерлерді, инстаграм, телеграм басқа да әлеум. желілерде отыратын белсенді қызмет жасайтындарды жұрт журналист деп ойлайды. Ал біз – дәстүрлі, кәсіби журналистер олардан бөлек жұмыс істеуіміз керек. Біз, біріншіден, бейтарап болуымыз керек, екіншіден, әділетті және сол көтерген мәселеміздің шешімін ұсынуымыз керек. Хайп жасау дәстүрлі журналистикаға жат, - деп есептейді белгілі тележурналист.
Естеріңізде болса, былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет мүддесін, қоғамның сұранысы және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек деп тапсырған болатын.
Иллюстративтік фото: Константин Шелков