Павлодарлық ғалым: Әйелдер үшін мансап пен жеке өмірді теңестіре білу маңызды
![Павлодарлық ғалым: Әйелдер үшін мансап пен жеке өмірді теңестіре білу маңызды](https://pavlodarnews.kz/uploads/images/202502/image_750x_67ab39c547d72.jpg)
Ғылыми жұмыстың қарқындылығы, тұрақты іссапарлар мен ұзақ жұмыс уақытының қажеттілігі біраз қиын жағдай туғызады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Римма Уәлиева Торайғыров университеті жанындағы биология мамандығы және биологиялық және сабақтас ғылымдар кадрларын даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңестің хатшысы болып жұмыс істейді. Биология бағыты бойынша философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор (доцент). 11 жылдан бері ғылыми-педагогикалық қызметтер атқарып келеді.
– Қазіргі уақытта гиперспектральды бейнелеу технологиясын қолдана отырып, дәнді дақылдардағы ауруларды анықтаудың инновациялық және технологиялық жетілдірілген оптикалық әдісін әзірлеудемін, – дейді Римма Уәлиева.
Ғалымның айтуынша, зерттеудің мақсаты – жасанды интеллект көмегімен ауру өсімдіктердің спектрлік профильдерін анықтауға негізделген гиперспектрлік бейнелеу технологиясын пайдалана отырып, дәнді дақылдардың ауруларын ерте диагностикалау әдістемесін әзірлеу арқылы астық дақылдарының ауруларының мониторингі мен ерте диагностикасының заманауи отандық жүйесін құруып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін арттырады.
Аталмыш зерттеу – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қаржылық қолдауымен «Гиперспектрлік зондтау технологиясын пайдалана отырып, дәнді дақылдар ауруларының мониторингі мен ерте диагностикасының инновациялық әдісін әзірлеу» IRN AP23485162 жобасы аясында жүзеге асырылады.
– Жұмыста фитопатогендік жүктемені диагностикалау үшін микробиологиялық талдау әдістері, оның ішінде инфекцияның визуалды және жасырын кезеңдері және гиперспектрлік зондтау әдісі қолданылады. Жалпы, әйелдер үшін мансап пен жеке өмірді теңестіре білу маңызды. Сондықтан уақытты дұрыс жоспарлай білу керек, – дейді ол.
Зерттеушінің баяндауынша, оның ішінде гиперспектрлік кескіндерді модельдеу және талдау, өсімдік ұлпасының спектрлік сипаттамаларын зерттеу, сондай-ақ патологияларды анықтау және өсімдіктердің зақымдану дәрежесін сандық анықтау мақсатында спектрлік деректерді өңдеу және интерпретациялау үшін машиналық оқыту әдістері қолданылады.
Римма Уәлиева –«Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті қоры» қоғамдық қоры стипендиясының, атаулы стипендияның иегері. Қ. Сәтбаев атындағы «Ғылымға қосқан үлесі үшін» ғылыми байқауының, «Жас талап» байқауының, «Жас ғалым» жас ғалымдар арасындағы байқаулардың жеңімпазы. «ЖОО педагогтары-2021» номинациясы бойынша Қазақстанның үздік 100 мұғалімінің қатарына кірген, «ЖОО үздік оқытушысы – 2021» төсбелгісіне иегері, ғылыми еңбегі үшін «Қазақстанның Алтын кітабы» кітабында есімі жарияланған. Дарынды жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендия иегері, «Білім және Ғылым» номинациясы бойынша «Тәуелсіздік ұрпақтары сыйлығы», «Қаныш ізбасарлары» облыстық ғылыми жұмыстар байқауларының грант иегері.
Web of Science/Scopus ақпараттық деректер базасы бойынша нөлдік емес импакт-факторы бар халықаралық ғылыми басылымдарда 11 мақаласы, ҚР ҰӘҚ БҒСШО ұсынған журналдарда 21 мақала,Қазақстан Республикасының ғылыми журналдарында алты мақала, халықаралық конференция материалдарында 48 мақала жарық көрген. Ғылыми қызмет бағыты бойынша біліктілікті арттырудың 30-дан астам ғылыми сертификаттына ие.
Римма Уалиеваның зерттеу саласы – ауылшаруашылық өсімдіктерін қорғау, 2013 жылдан бері ғылыми қызметпен белсенді араласып келеді. Мембюджеттік ғылыми-зерттеу жобаларға қатысуда.