Павлодар облысында мамандандырылған мектептер оқушыларды қабылдауды бастады

Павлодар облысында мамандандырылған мектептер оқушыларды қабылдауды бастады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

«Мың бала» олимпиадасының жеңімпаздары мен халықтың әлеуметтік қорғалмаған санатындағы балаларға квота беріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысындағы 14 мамандандырылған мектеп жаңадан келгендерге есігін айқара ашты. Қабылдау екі кезеңнен – құжаттарды тапсыру және тестілеуден тұрады. Бұл тәжірибе үнемі қолданылып келеді, бірақ соңғы үш-төрт жылдан бері іріктеуді Білім министрлігіне қарасты «Дарын» орталығы жүргізіп келеді. Барлық ақпарат, яғни тіркелу ережелері, құжаттарды тіркеуге, мектептердегі бос орындары, тест нәтижелері туралы https://qabyldau.daryn.kz/kz/index.php сайтында орналастырылады.

Конкурсқа қатысу үшін құжаттарды 15 сәуірге дейін тапсыру қажет. Қабылдау емтиханы 15 мамырдан 15 маусымға дейін әр сенбі және жексенбі күндері офлайн режимде өтеді.

– Мамандандырылған мектепке түсу үшін бір ғана мүмкіндік беріледі. Бір мезгілде бірнеше мектепті таңдап, қабылдау емтиханды тапсыруға болмайды, – дейді мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің меңгерушісі Нұргүл Шалабайқызы.

Әр мектеп өзінің бос орындары туралы ақпарат ұсынады, бұл ақпаратты веб-сайтта да табуға болады.

Оқушыларды іріктейтін мектептердің тізімі:

  • Дарынды балаларға арналған №3 гимназия бесінші сыныптарға 50 оқушыны қабылдауға дайын;
  • «Жас дарын» мамандандырылған мектеп-лицейі бесінші сыныпқа 72, жетінші сыныпқа 36 оқушыны іріктеп алады;
  • Екібастұз қаласындағы мемлекеттік тілде оқытатын дарынды балаларға арналған «Зерде» мамандандырылған жалпы білім беру мектебінің 5-сыныптарына 50 орын бос;
  • Дарынды балаларға арналған Абай атындағы мамандандырылған гимназияда 5-сыныптарға 50 орын және 7-сыныптарға 22 орын бос;
  • Дарынды балаларға арналған № 8 лицей-мектебінде 5-сыныптарға 100 бала іріктеледі;
  • Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатында 5-сыныптарға 48 оқушыны қабылдайды;
  • Дарынды балаларға арналған облыстық көпсалалы лицей-интернатына 7-сыныптарға 68 орын бос;
  • Екібастұз қаласының дарынды балаларға арналған мамандандырылған №1 лицей-мектебі 5-сыныптарға 50 оқушыны қабылдауға дайын;
  • Ақсу қаласының Қ, Сәтбаев атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназияға 5-сыныптарда 48 орын;
  • Қабанбай батыр атындағы «Жас сарбаз» облыстық мамандандырылған лицей-мектеп-интернатына 7-сыныптарға 36 бос орын бар;
  • Музыкалық мектеп интернат жыл сайын 1-сыныпқа музыкалық тыңдау жүргізеді.

Ал дарынды қыздарға арналған «Білім-Инновация» мектеп-интернатына, дарынды ұл балаларға арналған «Білім-Инновация» мектеп-интернатына, дарынды балаларға арналған облыстық көпсалалы көптілді мектеп-интернатына конкурстық іріктеу үшін құжаттарды қабылдау 1 ақпан мен 12 сәуір аралығында аудан орталықтарында мектептер базасында жүргізіледі. Конкурс барысын «Білім-Инновация» халықаралық қорының лицей өкілдерінен құралған көшпелі комиссия қадағалайды.

Бірақ соған қарамастан жазылғысы келетіндердің кезегі қалыптасуда.

– Бұл кезек тұрғын үй алу кезегі тәрізді, яғни кезекте тұрған бала шығып кеткен оқушының орнына түседі. Бірақ оқушыбарлық критерийлерден өтіп, қалаған мектепке түспеген жағдай ешқашан болған емес, – деп қосты басшы.

Кезектен және байқаудан тыс – «Мың бала» республикалық зияткерлік олимпиадасының ауыл мектептерінің жеңімпаздары қабылдау квотасына ие болады және олар кез келген мамандандырылған мектепті таңдай алады. Сондай-ақ 5, 6, 7, 8 және 10-сыныптарға қабылданған халықтың осал санатындағы балаларға 15 пайыздық квота беріледі.