Екібастұзда аутизмнен оңалту орталығын ашу жоспарлануда
Облыс әкімі әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамту саласындағы 2023 жылдың қорытындылары туралы есеп берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Павлодарда 795,6 млрд теңгеге аутизм және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған оңалту орталығы салынды, қазір күн сайын 100-ге жуық бала оңалтудан өтуде. Жоба «Қазақстан халқына» және «Samruk-Kazyna Trust» қорларының қолдауымен іске асырылды. Дәл осындай орталықты Екібастұз қаласында ашуды жоспарладық, – деп жазды Асайын Байханов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Өңірдегі 24 әлеуметтік қорғау мекемесінде 1,421 қызметкер жұмыс атқарады. 653 әлеуметтік қызметкер және 1,498 жеке көмекші күн сайын мұқтаж азаматтарға көмек көрсетуде. Облыстың 18 мыңнан астам тұрғыны 2 млрд теңгеге атаулы әлеуметтік көмек алады. Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларға бір жастан алты жасқа дейінгі 5,474 балаға бес айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қосымша төлемдерге шамамен 212 млн теңге бағытталған.
Сондай-ақ, 1,505 аз қамтылған отбасыға коммуналдық шығындарға материалдық көмек түрінде 36 млн теңге берілді.
– Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғауға ерекше көңіл бөлінеді, жыл сайын протездік-ортопедиялық жабдықпен, гигиеналық және жүріп-тұру құралдарымен, санаторий-курорттық емдеумен, сауықтырумен және оңалтумен қамтамасыз ету үшін қаржыландыру көлемін ұлғайтудамыз. Мемлекеттен мұндай қолдау 2,5 млрд теңгеден астам сомаға мүгедектігі бар 19,3 мыңнан астам адамға көрсетілді, – дейді Асайын Байханов.
Гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету көлемі екі есеге өсті, оған қосымша 286 млн теңге бөлінді. 2024 жылғы бюджетте бұл мақсаттарға 691 млн теңгеден астам қаражат қарастырылған.
2023 жылы өңірде 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды, оның төрттен үш бөлігі – тұрақты жұмыс орындары. Өңірдегі 63 ірі кәсіпорын 57 мың қызметкерінің жалақысын орта есеппен 16%-ға көтерді. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту үшін Президентіміздің бастамасымен «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылды. Аудандардың 192 тұрғыны өз ісін ашуға жеңілдетілген несие алды. Нәтижесінде өңірдің 76 ауылында 371 жаңа жұмыс орындары құрылды.
Сондай-ақ, өңір жастарына өз ісін бастау үшін 785 млн теңгеге 2,5% пайыз жылдық үлесімен 173 шағын-несие берілді. Көшіру бағдарламасы аясында облысымызға келген 710 отбасы 2,3 млрд теңге көлемінде әлеуметтік төлемдер алды.