Павлодарлық әскери қызметкер Дубайда оқ атудан әлемдік рекорд орнатты
Аға лейтенант мергендер арасында ең үздік нәтиже көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kzz тілшісі.
Біріккен Араб Әмірліктері аумағында арнайы бөлімшелер арасындағы халықаралық UAE SWAT Challenge-2026 жарысы өтті. Оған әлемнің 49 елінен 109 команда қатысты.
Қазақстан құрамасын елдің күштік құрылымдарынан жасақталған бес команда ұсынды. Ол - «Kazakhstan A», «Kazakhstan B», «Kazakhstan C», «Kazakhstan D» және әйелдер командасы «Kazakhstan Tomiris». 35 жастағы Темір Ахметов «Kazakhstan A» командасының құрамында өнер көрсетіп, командасы екінші орын иеленді.

Железин ауданының Жаңабет ауылының тумасы 2010 жылдан бері Қазақстан Ұлттық ұланы қатарында қызмет етеді. Темір Ахметов – бес баланың әкесі.
Жарыс барысында ол жылдамдықпен ату тапсырмаларын орындап, командалық жаттығуларға қатысты. Әсіресе, екінші кезеңде павлодарлық мерген 18 секунд ішінде ғимараттың бесінші қабатына көтеріліп, нысананы дәл көздегені ерекше атап өтілді. Бұған дейін мұндай нәтижені ешкім көрсетпеген.
– Мен төрт жаттығуға қатыстым. 60 пен 300 метр аралығындағы қашықтықта диаметрі үш сантиметр болатын төрт нысананы ату, сондай-ақ екі мергенмен бірге командалық тапсырмаларды орындап, кедергілер жолағынан өту қажет болды, – деп еске алады ол.
Әскери қызметкердің айтуынша, команда жарысқа тыңғылықты дайындалып, әр қимылды алдын ала пысықтап, көп жаттыққан. Мерген үшін сабырлылық, жоғары физикалық дайындық және шоғырлана білу аса маңызды.
Аға лейтенанттың әкесі Ғалымжан ұлымен мақтанатынын айтып, оның жетістігін бүкіл елдің жеңісі деп санайды.
– Қуанышымызда шек жоқ. Жастар Қазақстанды шетелде лайықты таныстырып, ел намысын қорғады. Ұлым бала кезінен спортқа әуес болып, әскерде қызмет етуді армандайтын. Оның жеңісі – тек біздің отбасымыздың ғана емес, бүкіл халықтың жеңісі, – дейді чемпионның әкесі.
Дубайдағы жарыс жетінші рет өткізілді. Қазақстан командасы бұл додаға екінші рет қатысып отыр. Өткен жылы құрама Қытайдан кейін күміс жүлде алған болатын.
– Жаттығу 2025 жылдың маусым айында басталды. Жарысқа екі ай қалғанда команда бейімделу және дайындық үшін Дубайға барды. Алдымызға ең жоғары нәтиже көрсету міндеті қойылды. «Kazakhstan A» командасының құрамында сегіз әскери қызметкер болды, – деді сұхбат беруші.
Теміржол вокзалында Темір Ахметовті әскери оркестрмен салтанатты түрде қарсы алды. Аға лейтенантты жеңісімен облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов, Павлодар әкімі Хасар Хабылбеков, әріптестері мен жастар құттықтады.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев UAE SWAT Challenge-2026 жеңімпаздарын құттықтағаны хабарланған болатын. Мемлекет басшысы олардың қазақстандық жауынгерлердің күші мен ерлігін әлемге танытып, ел абыройын халықаралық аренада асқақтатқанын атап өтті.