Павлодарлықтар малдарын шетелге экспорттай алмайды

Тыйым ішкі нарықты етпен қамтамасыз ету үшін бағытталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Елде ет бағасының өсуіне байланысты ауыл шаруашылығы министрлігі тірі малды шетелге шығаруға уақытша тыйым салды. Бұл шешім ішкі нарықты етпен қамтамасыз ету және бағаның одан әрі өсуіне жол бермеу мақсатында қабылданған.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайырболат Байсариновтың айтуынша, бүгінде облыстан тірі малды 30 қазанға дейін экспорттауға болмайды.
Бұған дейін өңірдегі «Абая» ЖШС Араб Әмірліктеріне мұздатылған қой етін, ал «TURKEY PVL» кәсіпорны күркетауық етін экспорттаумен айналысқан еді.
Биыл аймаққа Еуропадан бес жүзден астам бас асыл тұқымды аналық ірі қара әкелінген. Алайда импорт процесі бірқатар қиындықтарға тап болған.
– Биыл шекараларда карантиндік шектеулер болды. Салдарынан Ресей де шекарасын уақытша жапты. Сол себепті логистика жолы ұзарды. Қазір малды бесінші, алтыншы ел арқылы тасымалдауға тура келеді, – деді Қайырболат Байсаринов.
Салдарынан асыл тұқымды малдың құны мен жеткізу шығындары айтарлықтай өскен. Егер бұрын бір бас малды шетелден әкелу шамамен 400 мың теңге тұрса, қазір бұл сома екі есе қымбаттаған.
Мамандардың айтуынша, мемлекет тарапынан асыл тұқымды мал сатып алуға арналған субсидиялар сақталғанымен, қазіргі жағдайда ол жеткіліксіз болып отыр. Бұған дейін олар ауыл шаруашылығы министрлігіне қаражат мөлшерін 70 пайызға арттыру туралы хат жолдады.
Бұл шаралар ішкі нарықты етпен қамтамасыз етіп қана қоймай, алдағы уақытта мал шаруашылығының тұрақты дамуына жол ашады.
Еске сала кетейік, өңірдің ірі қарасы оңтүстікке сатылуда. Осы уақытқа дейін аймақтан 37 мың бас ірі қара мал шығарылды.