Светлана Жақыпова: Павлодар облысында жұмыс орындарының цифрлық жүйесін енгізу керек
Биыл мансап орталығының жұмысы жетілдірілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жұмыс сапары барысында Павлодар қаласының мансап орталығына барды. Ол жерде министрге іске асқан жобалар туралы айтып берілді.
– Мансап орталығы жұмыс принципін өзгертті. Енді жұмыс берушіге баса назар аударылады. Егер бұрын жалпы бос орындар жәрмеңкелері өткізілсе, енді жұмыс беруші шақырылып, оған қажетті мамандарды табу үшін іздестірулер жүргізіледі. Бұл жұмыс беруші мен әлеуетті қызметкермен тікелей кездесуін ұйымдастыруға мүмкіндік береді,– деді мансап орталығы басшысының міндетін атқарушы Лариса Нұрсейітова.
Оның сөзінше, бұл тәсіл көптеген жұмыс берушілер жиналғаннан әлдеқайда тиімді шығады. Жеке жәрмеңкелерден кейін жұмыс іздеушілер кәсіпорынға тікелей барып, барлығын өз көзімен көреді. Ал жалпы жәрмеңкеге 200-250 адам келсе де, оның аз пайызы ғана жұмысқа орналасады.
Светлана Жақыпова облыста жаңа жобалар енгізіліп жатқан кезде, жұмыс орындар мәселесі алдын ала жоспарлану керек деп айтты.
– Сіздерде нақты жоспар болу керек. Өңірлік жұмыспен қамту картасы цифрлық форматта жасалуы тиіс. Батырманы басып, қай аудан мен қалада қандай бос жұмыс орны бар екенін көрсетілу қажет. Ол үшін қажетті жағдайларды жасап бердік. Бос жұмыс орындарын бақылау жүйесі тек үйлестіру басқармасында ғана емес, мансап орталығында болуы керек,– деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
Бүгінгі таңда Павлодарда жұмыс іздеп жүрген 3336 жұмыссыз бар. Бұл негізінен техникалық мамандықтар.
Еске сала кетейік, бұған дейін Светлана Жақыпова Павлодар облысының әкімімен және өңір активімен кездесіп, халықты жұмыспен қамтуды және әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ететін әлеуметтік-еңбек саласының цифрлық жүйелерін талқылады.