Президент салық реформасы туралы: «Жұрттың бәрі экономист немесе қаржыгер емес»

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Көкше төріндегі құрылтайда елдегі қоғамдық-саяси реформалардың барысын талқылап, Ұлттық құрылтай мүшелерінің маңызды үлесін атап өтті.
Мемлекет басшысы ең алдымен қоғамда қызу талқыланып жатқан салық реформасына тоқталды. Ол салық жүйесінің мемлекеттік жүйенің тірегі екенін атап өтіп, бюджетте қаржы болмаса, әлеуметтік міндеттемелерді орындау мүмкін емес екенін ескертті.
– Жұрттың бәрі экономист немесе қаржыгер емес. Мемлекеттің қандай шараны не үшін қолға алып жатқанын бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан реформаның мәнін әр адамға түсінікті тілмен жеткізу керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент салық реформасына қатысты ұсынылған жаңа тәсілдерді қолдайтынын, алайда кейбір сын-пікірлердің шынайы ахуалға сәйкес келмейтінін айтты.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан – әлеуметтік мемлекет, сондықтан білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестиция салу жалғасады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай мүшелері көтерген мына мәселелерге назар аударды:
- қоғамдық әдепті реттеу және ұлттық құндылықтарды сақтау;
- теріс діни ағымдар мен алаяқтық әрекеттерге тосқауыл қою;
- отандық кино және анимация өндірісіне идеологиялық мән беру;
- әйелдер колониясындағы жағдайды түзету және жүкті немесе кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерге қатысты заңнаманы қайта қарау;
- кәсіптік-техникалық колледждерді дамыту және еңбек нарығына қажетті мамандықтарды енгізу.
Президент ұлттық бірегейлікті нығайтуда мәдениет саласының маңыздылығын атап өтті. Қазақстанда театр өнеріне деген қызығушылықтың артып келе жатқанын айтып, өңірлердегі театрларды дамытуға бизнес өкілдерін белсенді қатысуға шақырды.
Сонымен қатар, Тоқаев Абай институтын халықаралық деңгейдегі мәдени-ағарту мекемесіне айналдыруды тапсырды; «Қазақ тілі» қоғамының бастамаларын қолдау қажеттігін айтты; ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне құжаттық мұраларды енгізу керектігін атап өтті; жасанды интеллект жүйелеріне ұлттық цифрлық мұрағатты қосу бойынша міндеттер қойды.
Президенттің айтуынша, елдегі экономикалық даму өңірлердің өсімімен тікелей байланысты. Биыл экономиканың нақты секторын қаржыландыру екі есе артып, 8 триллион теңгеге жетпек.
– «Қуатты аймақтар – қуатты ел» ұстанымы – менің саяси бағдарымдағы мызғымас қағиданың бірі. Үкімет осы қағиданы негізге ала отырып, облыстардың әлеуметтік салықты сақтап қалу туралы шешім қабылдады. Алайда, әкімдер бюджет қаржысын үнемдеп, тиімді пайдалануы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Президент өз сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның 2051 жылға дейінгі даму жоспарын айқындаудың маңызды екенін атап өтті. Еліміз тәуелсіздіктің 40 жылдығына қандай жетістікпен жетуі керек? Осы сұраққа нақты жауап болуы қажет.
Тоқаевтың пікірінше, Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі факторлар:
- цифрландыру және жасанды интеллект;
- энергетика саласы;
- агроөнеркәсіп секторы;
- адами капиталды дамыту.
Мемлекет басшысы елдің кез келген сын-қатерге төтеп бере алатын қуатты мемлекетке айналуына сенім білдірді.