Қазақстанда су ресурстарын басқаратын жаңа цифрлық жүйе іске қосылды
Жүйе су нысандары мен инфрақұрылым туралы деректерді бір базаға біріктіреді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ әзірлеген Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі өнеркәсіптік пайдалануға берілді.
Ақпараттық жүйе Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында әзірленген. Ол су нысандары, су шаруашылығы инфрақұрылымы, су пайдаланушылар, жерасты сулары және саланың басқа да бағыттары бойынша мәліметтерді біріктіреді. Негізгі мақсат – басқарушылық шешімдер қабылдау үшін бірыңғай, сенімді әрі өзекті деректер базасын қалыптастыру.
Қазіргі уақытта жүйеде 23 мыңнан астам су нысаны туралы дерек цифрландырылып, жүйеленді. Оның ішінде 17 758 өзен, 3 148 көл және 1 207 гидротехникалық нысан бар.
Сонымен қатар жүйеде шамамен үш мың ұйым мен төрт мыңнан астам пайдаланушы тіркелген. Су шаруашылығы және гидротехникалық нысандардың тоғыз мыңға жуық цифрлық паспорты енгізілді. Сондай-ақ 2,2 мыңнан астам бастапқы су есебі жөніндегі есеп пен 1,3 мыңнан астам 2-ТП нысанындағы есеп қабылданған.
– Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесінің функционалы су балансын жүргізуді, су пайдалануды есепке алу мен талдауды, су қоймаларының жай-күйін мониторингтеуді, трансшекаралық су нысандары жөніндегі деректермен жұмыс істеуді, сондай-ақ ғарыштық мониторингті қамтиды, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Министрдің айтуынша, жаңа жүйе экономиканың тұрақты дамуы мен елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін су ресурстарын басқарудың кешенді, көпдеңгейлі жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, министрлік Су тұтынуды ерте болжау жүйесін тәжірибелік пайдалануға берді. Ол каналдар арқылы су беру бойынша тұтынушылармен электрондық келісімшарт жасасуды, онлайн төлем жүргізуді және су ресурстарын автоматтандырылған есепке алуды көздейді.
Қазіргі уақытта келісімшарт жасасу процесі толығымен электрондық форматқа көшірілген. Жыл басынан бері шаруалармен 29 мыңнан астам келісім жасалды.