Рождественка ауылында белгілі қаламгерлер жайлы әңгіме өрбіді

Іс-шара «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Рождественка ауылдық кітапханасында ақындар Тәкен Әлімқұлов пен Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылығына арналған әдеби кеш ұйымдастырылды. Оқырмандар олардың өмірбаяндары және шығармашылықтарымен танысты.
Екі автор да кейінгі ұрпаққа бай әдеби мұра қалдырған. Жұмекен Нәжімеденов – ақын, аудармашы, еліміздің әнұранының авторларының бірі. 2010 жылы «Менің Қазақстаным» атты өлеңдер мен поэмалар жинағы үшін ақынға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді.
– Қазақ мәдениетіне үлес қосқан қаламгердің бірі – Тәкен Әлімқұлов. Ол – М.Әуезов атындағы сыйлықтың лауреаты. Әдебиет институтында білім алғаннан кейін көптеген еңбектерін қалдырды: «Жол», «Жазғы жаңбыр» атты жыр жинақтары, «Дала тіл қатты», «Туған ауылда», «Сұр сұңқар» және басқа да әңгімелер мен повестер жинақтары. Ақын шығармаларының негізгі тақырыбы – адамның тағдыры, – деді Рождественка ауылдық кітапханасының маманы Алтынай Жүнісова.
Кездесу қатысушыларының пікірінше, республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы тек жазушылардың шығармашылығымен таныстырып қана қоймай, елдің әдеби мұрасын сақтауға және насихаттауға ықпал етеді.
Алтынай Жүнісованың айтуынша, Рождественка ауылдық кітапханасында оқырмандар үшін түрлі іс-шаралар жиі өткізіледі. Жуырда мұнда «Kitap time-2025» республикалық кітап фестивалі ұйымдастырылған. Жас оқырмандар оқыған кітаптары жайлы әсерлерімен бөлісіп, «Кітаптар ғажайып әлемі» көрмесінде балалар әдебиетінің сан алуандығымен танысты.