Павлодарлық жазушы алдағы сайлауға үмітпен қарайды

Павлодарлық жазушы алдағы сайлауға үмітпен қарайды

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғалымбек Жұматов павлодарлықтарды 19 наурызда сайлау учаскелеріне келіп, дауыс беруге шақыруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

20-дан астам кітаптың авторы, «Құрмет» орденінің иегері ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау елдегі реформалардың шынайы өткізіліп жатқанын дәлелдеу керек.

- Бірнеше жыл бойы қазақстандықтар Жаңа Қазақстанды армандап жүр, оның құр сөз еместігін дәлелдейтін уақыт жетті, - дейді Ғалымбек Жұматов. – Мен бұл жерде белгілі бір партия немесе кандидат туралы айтып тұрғаным жоқ. Ең лайықтылар жеңсін. Бастысы – билікке жеткендер өмірімізді жақсартуға жең қайыстыра кіріссе екен деймін. Проблема жетеді. 

Осы орайда жазушы елдегі өндірісті дамыту, тұрақты жұмыс орындарын ашу, жалақылар мен әлеуметтік төлемдерді арттыру қажеттілігін, сондай-ақ еңбек, білім және оқу мәдениетін кеңінен насихаттау керектігін атап өтті.

- Күні кеше теледебат өтті, зор қызығушылықпен көрдім. Жақсы ойлар айтылды, партиялар өздерін жақсы жағынан көрсетуге тырысты. Елде саяси белсенділік арта бастағандай. Қазір жастарға көп көңіл аударуда, бұл жақсы да. Десек те, Мәжілісте жастармен қатар, тәжірибелі депутаттардың да болғаны пайдалырақ болатыны анық. Таңдау қазақстандықтарда, - деді жазушы. 

Ғалымбек Жұматов сайлау немен аяқталса да, саясаткерлерді ең үлкен сын сайлаудан кейін күтетінін ескертті. Ол кезде бүгінгі кандидаттар уәделерін орындап, депутат болуға лайық екендігін дәлелдеулері тиіс. 

Фото: Константин Музалевский