Павлодарлық қолөнерші балаларға шешендік өнерді тегін үйретеді
«AN-NUR» өнер-білім орталығында өскелең ұрпақтың жан-жақты білім алуы үшін барлық жағдай жасалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мекеменің басшысы, 48 жастағы талантты қолөнерші Анар Жұрағатқызы үйде отырған аналарды тігін тігуге, ал балаларды ән айтуға, шешендік өнерге, актерлік шеберлікке үйретеді. Қолөнер арқылы қазақ халқының ұлттық киімдерінің байлығын, қадірін көрсетеді. Ол үшін орталықта барлық қажетті құрал-жабдықтар бар. Балалар үш айдың ішінде киімдер тігіп, әшекейлерді заманауи түрде жасауға тырысады. Дүкеннен сатып алмай, өз қолдарымен күнделікке қажетті заттарды тігеді.
Орталық үш жыл жұмыс істейді және тегін қатысып жүрген балалардың саны 400-ге жеткен.
– Мен өзім Бай-Өлке Жасыл көл ауданында туғанмын. Өзім төрт баланың анасымын. Балалар үй мен мектептен тыс осы орталықта қосымша білім алады. Өз бойларына өнер-білімді сіңіріп, еңбекке епті болады, соған қатты қуанамын. Бұл – менің өскелең ұрпақтың тәрбиесіне қосқан кішкентай үлесім, – дейді қолөнерші.
Орталық директорының айтуынша, кейбір балалар өздерінің брендтарын қалыптастырып үлгерген. Олардың арасында әртүрлі үлкен республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған жеткіншектер де бар. Сонымен қатар, көркем оқу сабағында шешендік өнерге, актерлік шеберлікке баулиды.
– Бүгінгі таңда кейбір балалар қазақ тілінде еркін, ашық сөйлей алмайды. Сондықтан оларға мәнерлеп, әдемі сөйлеуге де көмектесеміз. Балаларды киноға түсуге дайындаймыз. Бұйырса, болашақта өзіміздің киномызды түсіреміз деген ойымыз бар. Олармен арнайы ұстаздар жұмыс істейді, – дейді ол.
Анар Жұрағатқызы алдағы уақытта орталықты шетелдік, республикалық дәрежеге дейін дамытуды армандайды.
– 100 баланы қосымша біліммен қамту үшін мемлекет тарапынан жарты жылда бір рет қаражат бөледі. Бұл – орталық үшін үлкен көмек. Ал ғимараттың өзі әкімшіліктен келісім ретінде он жылға алынған. Бірақ орталық ішіндегі дизайн, жөндеу жұмыстарын өз қаражатымызға жасадық. Балалардың жұмыс істеуі үшін барлық керек заттарды орталықтан беремін, себебі кейбір отбасыларда жағдай болмай қалуы мүмкін, – дейді қолөнерші.
Шебердің мақсаты – жас ұрпақтың сапалы білім алып, жан-жақты дамыған тұлға болып қалыптастуына және әйел адамдарға қосымша табыс табуға жәрдемдесу.
Анастасия Костеева