Екібастұзда Достоевский романын биледі
Қойылым – «Сыныптан тыс әдебиет» атты үлкен жобаның бір бөлігі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұздық көрермендерге Федор Достоевскийдің «Құмар ойыншы» романы бойынша хореографиялық қойылым ұсынылды. Бұған дейін театр сүйер қауымға «Гамлет» ұсынылған болатын.
– Менің қызым – он бірінші сынып оқушысы, ол әдебиетті өте жақсы көреді, – дейді «Step-fo» өнер аумағының» көркемдік жетекшісі Оксана Буторина, – Әдебиет – біздің үйде басты пән. Біз шығармаларды талқылаймыз, әдеби сын оқимыз, шолуларды қараймыз. Дәл осы шолулардың бірі осы тамаша туындыны қою идеясын тудырды. Әрине, қойылым романнан үзінді емес. Бұл біздің әдеби шедеврге деген көзқарасымыз. Біз романды би призмасы арқылы оқыдық. Егер спектакльден кейін көрермендердің бірі Достоевскийді қайталап оқығысы келсе, біз тапсырманы орындадық деп есептейміз.
Спектакль керемет болды: сценография, костюмдер, алып проекциялар, жарық, музыка - бәрі идея үшін жұмыс істеді. Хореографиялық сәттерді топтық концерттерге де қосуға болады.
Хореографияда көптеген күрделі, гимнастикалық элементтер болды. Белгілі бір стильді анықтау мүмкін емес. Барлығы романның эпизодтарына сәйкестендірілді. Танго, жанрлық суреттеме, флит-стрит, тіпті вогтың кейбір элементтері болды. Біз қаладағы ең үздік би ұжымдарының әртістеріне құрмет көрсетуіміз керек – олар тамаша формада, синхронды, өз ісіне беріліп жұмыс істеді.
Басты рөлдерде нағыз театр әуесқойлары: Даниил Жорник (ойыншы), Тая Буторина (Полина), Бауыржан Қасымов (генерал), Валентина Юшкова (Бланш), Денис Янович (де Грие), Оксана Буторина (кемпір), Дана Уәлиханова (мадемуазель де Комеж), Сергей Марченко (Астлей), Данияр Қонақбаев (қалташы) ойнады.
– Қазақ әдебиетінің қаһармандарына қатысты тағы бір жобамыз бар, – деп жалғастырды Оксана. – Біз осы тамаша адамдардың бейнесін толықтырғымыз келеді. Әлеуметтік жоба жоспарлап отырмыз. Толық емес отбасылар, балалар мәселелері және зорлық-зомбылық туралы қойылымның сценарийі дайын. Құдай қаласа, келесі жылы бұл туындыны ұсынбақпыз. Хореографияның арсеналы шексіз. Бәрін би тілімен айтуға болады. Бұл өнердің ең демократиялық кедергісіз түрлерінің бірі.
Қоюшы режиссер Ахмед Ударовқа қойылымды жасауға көмектескені үшін алғысын білдіреді.