Сирияда зілзаладан қаза тапқандар саны 237 адамға жетті
Сирияда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 237 адамға жетті. Бұл туралы ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мәліметке сәйкес, кем дегенде 639 адам зардап шеккен. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің көпшілігі Латакия, Алеппо, Хама және Тартус провинцияларында тіркелгені атап өтілді. Бұған дейін сириялық БАҚ 111 адам қаза тапқанын хабарлаған болатын.
Сирияның Дамаск бақылауына алынбаған аудандарында құрбандар, зардап шеккендер мен қираған ғимараттар туралы ақпарат жоқ.
Өз кезегінде, SANA агенттігінің хабарлауынша, республиканың қорғаныс министрлігі «жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен халыққа жедел көмек көрсету, үйінділер астында қалған адамдарды іздеу және алып шығу үшін елдің барлық провинцияларындағы құрамаларын және [ведомстволық бағынысты] құрылымдарын жұмылдыруда».
Араб Республикасы Денсаулық сақтау министрінің көмекшісі Ахмед Думейрия атап өткендей, «бұл әлі нақты сан емес және құтқару жұмыстары жалғасқан сайын құрбандар саны артуы ықтимал».
Өз кезегінде Сирияның Көлік министрлігі елдің солтүстік аймақтарында теміржол байланысының тоқтатылғанын хабарлады.
«Жолдар мен көпір құрылымдарының ықтимал зақымдануын ескере отырып, сақтық шарасы ретінде пойыз қозғалысы тоқтатылды», - делінген ведомство мәлімдемесінде.
Al Hadath мәліметінше, ондаған адам Алеппо, Идлиб, Латакия және Хама провинцияларында қираған ғимараттардың астында қалып қойған. Құтқару жұмыстары қатты жаңбырға қарамастан жалғасып жатыр.
Еске салайық, Түркияның оңтүстік-шығысында 7,4 магнитудасына дейін үш рет жер сілкінді. 7,4 балдық ең қуатты жерасты дүмпуі Кахраманмараш провинциясындағы Пазарджик ауданында жергілікті уақыт бойынша 04:17-де, 7 км тереңдікте болды. Содан кейін әртүрлі аймақтарда - Адана, Анкара, Анталья, Газиантеп, Кайсери, Мерсин, Трабзон, Урфада жер сілкінген.
Қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат толықтырылып жатыр.Соңғы мәліметке сәйкес, қаза болғандар саны 76-ға жетті, 440 адам жарақат алды. Қираған ғимараттар саны - 140.
Бұған дейін Түркиядағы жер сілкінісі салдарынан Сирияда қаза тапқан 100 адам туралы жазған едік.