Светлана Жақыпова Павлодар облысының әкімімен және өңір активімен кездесті
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі әлеуметтік-еңбек саласындағы жергілікті атқарушы органдардың жұмысын жетілдіруді тапсырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Министрліктің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, кездесуде Светлана Жақыпова Мемлекет басшысының әлеуметтік-еңбек саласындағы тапсырмаларының іске асырылуы туралы сөз етіп, халықты жұмыспен қамтуды және әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ететін әлеуметтік-еңбек саласының цифрлық жүйелері туралы баяндады.
Министрдің жұмыс сапары аймақ басшысымен келіссөздерден басталды. Светлана Жақыпова мен Асайын Байханов халықты әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту, өндірістік объектілердегі еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету, ұлттық көші-қон саясатын іске асыру, әсіресе, жұмыс күші артық өңірлерден қоныс аударушыларды қабылдау және олар үшін қолайлы өмір сүру жағдайларын жасау мәселелерін талқылады.
Сөз басында Светлана Жақыпова базалық зейнетақының кезең-кезеңімен ұлғаюы және ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табыстың артуы, Әлеуметтік кодексті іске асыру шеңберінде әлеуметтік қолдау шараларының күшеюі, Отбасының цифрлық картасын енгізу нәтижелері, ең төмен жалақыны айқындаудың жаңа әдістемесі, қазақстандықтарды жұмысқа орналастыру туралы баяндады. Сондай-ақ, Министр Көші-қон саясатының 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын, Еңбек нарығын дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын, 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын, зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғауды күшейтетін заңнамалық түзетулерді қабылдау және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау шараларын күшейту туралы айтты.
Министр әлеуметтік-еңбек саласының цифрлық жүйелеріне баса назар аударды. ЕХӘҚМ басшысы электрондық еңбек биржасының және отбасының цифрлық картасының мүмкіндіктерін көрсетті.
- Өздеріңіз білетіндей, Отбасының цифрлық картасы 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап толық жұмыс істеуде. Бұл мемлекеттік қолдау шараларына сүйенетін отбасыларды анықтауға және оларды проактивті форматта көрсетуге мүмкіндік береді. Сіздерге әлеуметтік қызметтермен шын мұқтаждардың бәрі, тіпті ол туралы білмейтіндер де қамтылатындай етіп құру қажет, – деді Светлана Жақыпова.
Өз кезегінде көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев кездесуге қатысушылардың назарын еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру мәселелеріне аударды. 2023 жылы өңірге 3522 адам немесе республика бойынша қоныс аударушылардың 40%-ы қоныстанды.
- Бірінші – қоныс аударушылар мен қандастарды бейімдеу және интеграциялау бойынша қызметтерді сапалы ұсыну үшін мансап орталықтарының әлеуетін арттыру маңызды. Мансап орталықтары әрбір отбасымен жеке жұмыс жасауға тиіс. Отбасын қолдау тек оның отағасымен шектелмей, отбасының әр мүшесіне қатысты жүргізілуі керек. Екінші – қоныс аударған отбасылармен нақты жағдайға тиімді мониторинг құру керек. Бұл процесті Отбасының цифрлық картасын қолдана отырып, мансап орталықтарында ұйымдастыру қажет, – деп атап өтті Асқарбек Ертаев.
Асқарбек Ертаев көші-қон комитеті жүргізген талдау нәтижелері бойынша жекелеген елді мекендерде экономикалық мобильділік сертификатын енгізуге байланысты тұрғын үй құны оның жай-күйіне, салынған жылына және қабырға материалына қарамастан, жасанды түрде 8 млн теңгеге дейін өскенін айтты. Отбасы мүшелері мен жақын туыстары арасында жылжымайтын мүлік бойынша мәміле жасау фактілері бар.
- Мұндай фактілердің алдын алу үшін біз сатып алынатын тұрғын үйге бағалау жүргізу міндеттілігі бөлігінде қоныс аудару ережелеріне өзгерістер енгіздік. Сонымен қатар, жақын туыстарынан жылжымайтын мүлік сатып алуға тыйым салуға бағытталған жаңа түзетулер топтамасы әзірленді, – деді көші-қон комитетінің төрағасы.
Өңір активімен кездесу барысында Светлана Жақыпова әлеуметтік-еңбек саласындағы жергілікті атқарушы органдардың жұмысын жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныстарын айтты.
Фото: Министрліктің ресми сайтынан алынды