Түркияның шығысында 5,3 балдық жер сілкінісі болды
Түркияның шығысындағы Малатья провинциясында 5,3 балдық жер сілкінісі болды. Бұл туралы осы елдің ТЖ залалын жою басқармасы (AFAD) мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолы ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
AFAD мәліметінше, жер сілкінісі жұма күні сағат 20:48-де тіркелді. Оның эпицентрі Малатья провинциясының Ешилюрт ауданында болды. Ошағы 7 км тереңдікте.
Агенттіктің хабарлауынша, жер сілкінісі Малатьяда, сондай-ақ Кахраманмараш, Адыяман, Шанлыурфa және Газиантеп қалаларында сезілді. Көптеген қала тұрғындары дүмпулерді сезініп бірден көшеге шыққан.
«Біздің бригадалар далалық зерттеулер жүргізуде. Қазіргі кезде Батталгазы ауданындағы қараусыз қалған 1 ғимарат қирады. Көшеден өтіп бара жатқан бір бала аяғын сындырып, ауруханаға жеткізілді. Бірнеше адам балконнан секірген», - деді Малатья провинциясының басшысы Эрсин Языджи.
Еске сала кетсек, 6 ақпанда Түркияда магнитудасы 7,7 балдық жойқын жер сілкінісі болды. Эпицентрі Кахраманмараш провинциясындағы Пазарджик ауданында болған зілзала ошағы 7 шақырым тереңдікте болған. Жер сілкіну салдарынан Хатай, Газиантеп, Килис, Османие, Малатья, Адыяман, Шанлыурфа, Диярбекир, Адана және Кахраманмараш провинцияларында көптеген ғимараттар қирады.
Түркияның оңтүстік-шығысында жер сілкінісі құрбандарының саны 50 мың адамнан асты.
Жүздеген афтершокқа ұласқан жерасты дүмпулері елдің 11 провинциясында, сондай-ақ көршілес мемлекеттерде, соның ішінде Сирияда да сезілді.