Павлодардағы екі ЖЭО-ға төрт миллиард теңгеден астам инвестиция салынады

Павлодардағы екі ЖЭО-ға төрт миллиард теңгеден астам инвестиция салынады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қаражат станциялардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге және негізгі жабдықтарды жаңартуға бағытталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ мәліметінше, 2026 жылғы инвестициялық бағдарламаға 4,6 миллиард теңге қарастырылған. Жобалар компанияның өз қаражаты есебінен қаржыландырылады.

Инвестициялық бағдарламаның жүзеге асырылуымен Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаменті, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері танысты. Олар Павлодар 3-ЖЭО мен күл үйінділеріндегі нысандарды аралады.

Биыл ірі жобалардың бірі Павлодар 2-ЖЭО үшін №3 күл үйіндісінің екінші іске қосу кешенін салуға байланысты.

Павлодар ЖЭО-лары Екібастұз көмірін пайдаланады. Оны жағу кезінде пайда болатын күл мен қож арнайы күл үйінділеріне жеткізіледі. Тазартылған су қайтадан станцияға қайтарылып, технологиялық үдерісте пайдаланылады.

– Егер қолданыстағы күл үйіндісінің сыйымдылығы шегіне жетіп, ал жаңасы дайын болмаса, станция қалдықтарды орналастыра алмай, жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады. Жаңа кезектер мен іске қосу кешендерін пайдалануға беру Павлодардың тұрғын үйлері мен өнеркәсіптік кәсіпорындарын алдағы жылдары электр энергиясы және жылумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деп түсіндірді компанияда.

Инвестициялық бағдарлама тек күл үйіндісін кеңейтумен шектелмейді. Энергетиктер Павлодар 3-ЖЭО-дағы үш қазандық агрегатын, ал 2-ЖЭО-дағы екі қазандық агрегатын қайта жаңғыртып жатыр.