Павлодарда Бақытжан Қанапияновтың 75 жылдығы аталып өтті

Павлодарда Бақытжан Қанапияновтың 75 жылдығы аталып өтті
Фото: автор

Адамға деген сүйіспеншілік, туған жерге адалдық, ұлт руханиятына құрмет – Бақытжан Қанапиянов шығармашылығының өзегін құрайтын құндылықтар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласындағы С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада көрнекті ақын, жазушы, аудармашы, баспагер, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және беделді халықаралық әдеби сыйлықтардың лауреаты Бақытжан Қанапияновтың 75 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кездесу өтті. Әдеби жүздесу қаламгердің бай мұрасын дәріптеп қана қоймай, оның шығармашылығының өзегіне айналған адамға деген сүйіспеншілік, ұлттық руханиятқа адалдық және сөз өнерінің біріктіруші күші туралы ой өрбітуге мүмкіндік берді.

Бақытжан Қанапиянов үшін әдебиет – адам жанының тереңіне бойлап, уақыт пен ұрпақ арасын жалғайтын рухани көпір. Оның поэзиясы мен прозасында туған жерге деген сүйіспеншілік, тарихи жады, ұлттық болмыс, адам тағдыры мен өмірдің мәні өзара сабақтасып жатады. Қаламгер шығармашылығының басты құндылығы да осында: ол оқырманын адамды түсінуге, жақсылықты бағалауға, өткенді ұмытпай, болашаққа жауапкершілікпен қарауға үндейді.

Ақынның әдебиет алдындағы еңбегі төл шығармаларымен ғана шектелмейді. Ол көркем аударма арқылы қазақ әдебиетінің асыл қазынасын өзге тілде сөйлетіп, ұлттық мәдениетті кеңінен танытуға зор үлес қосты. Абай, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім, Махамбет шығармаларын және «Қыз Жібек» эпосын орыс тіліне аударуы – осы бағыттағы елеулі еңбектерінің бірі. Мұндай жұмыс сөзді бір тілден екінші тілге көшірумен ғана шектелмейді. Ол – халықтың дүниетанымын, рухани жадын, көркемдік әлемін өзге оқырманға жақындату.

Мерейтой иесін өңір басшылығы атынан Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова құттықтап, қаламгердің әдебиет пен мәдениетке, ұлттық руханиятқа қосқан үлесін атап өтті.

– Құрметті Бақытжан аға, мерейтойыңыз құтты болсын! Сіздің шығармашылығыңыз ұлттық болмысымызды дәріптеп, адамгершілік құндылықтарды насихаттайды, өскелең ұрпаққа өнеге көрсетеді. Өлеңдеріңіз оқырман жүрегіне жол тауып, жастарды елін, жерін сүюге жетелейді, – деді Айгүл Мәлікова.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Самат Мәненов мерейтой иесінің жан-жақтылығына тоқталды. Инженер, спорт шебері, ақын, жазушы, аудармашы, баспагер – Бақытжан Қанапияновтың болмысын бір ғана атаумен шектеу мүмкін емес. Әр қырының артында үздіксіз ізденіс, еңбек пен шығармашылыққа деген адалдық жатыр. Ал әдеби мұрасы – терең ой мен нәзік сезім тоғысқан, оқырманды толғандырып, өмірге өзгеше көзқараспен қарауға жетелейтін тұтас бір әлем.

Кездесуде «Простор» журналының бас редакторы Фархат Тамендаров та жүрекжарды лебізін білдірді. Ол Павлодар өңірін талай таланттың қанаттануына жол ашқан, әдебиет пен өнерге құнар берген қасиетті мекен ретінде атап өтті. Сонымен бірге журналдың «Достояние республики» («Республика қазынасы») айдары аясында еліміздің әр өңірінің тарихи, табиғи және мәдени байлығы, сол өлкенің рухани келбетін қалыптастырған тұлғалар туралы материалдар жарияланып келе жатқанын айтты.

Фархат Тамендаровтың сөзінде ерекше жылылық тудырған бір жайт – Бақытжан Қанапияновтың французша есімі, Жан Бақыт туралы әңгіме болды.

Қаламгердің 70 жылдық мерейтойына орай Францияда шығармалары француз тілінде жарық көргенде, оның есімі Жан Бахыт деген атаумен ұсынылған екен. Содан бері бұл есім ақынның шығармашылық болмысымен біте қайнасып, өзіндік әдеби атауға айналды.

– Қазақстанда Бақытжандар да, ақындар да көп. Бірақ Жан Бақыт біреу ғана, – деді Фархат Тамендаров.

Бұл сөздің астарында қалжыңнан да терең мағына бар. Жан Бақыт – қазақ поэзиясының әлемге ашылған терезесіндей. Туған жердің топырағынан нәр алған жырдың өзге тілде сөйлеп, басқа мәдениеттің өкіліне де ой салуы – әдебиеттің шынайы құдіреті. Фархат Тамендаровтың «Мгновение поэзии Жан Бахыт» атты эссесі де ақынның өмірбаянын баяндаудан гөрі оның поэзиясынан алған әсерге, сөзге деген сеніміне және суреткердің рухани әлеміне үңілуімен құнды.

Мерейтой аясында Бақытжан Қанапияновтың «Айдың арғы беті...» («По ту сторону Луны») кітабына да ерекше назар аударылды. Бұл еңбек көрнекті қоғам қайраткері, философ, мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтің рухына арналған. Ұзақ жылғы достық пен шығармашылық үндестіктен туған кітапта естеліктер, мәдениет, тарихи жады және рухани сабақтастық туралы толғаныстар жинақталған.

Мұрат Әуезов сынды зиялы тұлғаның өмірі мен ойларын еске алу арқылы кітап жеке адамның тағдырынан кеңірек тақырыптарға жол ашады. Ол мәдениеттің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуын, рухани ұстаздардың ықпалын, өткеннің өнегесін сақтаудың маңызын ой елегінен өткізуге шақырады. Өйткені тарихи жады – тек өткен оқиғаларды ұмытпау емес, сол тәжірибеден адамдық қасиетті, ұлттық сананы және болашаққа қажет рухани бағдарды таба білу.

Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі жас зерттеушілердің сыйлығы болды. Наталья Мирошникованың жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқан «Шекарасыз поэзия: Бақытжан Қанапияновтың Қазақстаннан әлемдік аудиторияға дейінгі жолы» ғылыми жобасының қатысушылары Айгерім Сәлімова мен Әлихан Әбішев мерейтой иесіне дүниежүзінің картасын тарту етті. Картада ақынның өлеңдері оқылып, жырлары шырқалған әлемнің әр түкпірі белгіленген.

Бұл – мазмұны терең, мағынасы айрықша сыйлық. Бір қарағанда, ол ақын шығармашылығының географиясын көрсетеді. Ал шын мәнінде, карта қазақ сөз өнерінің шекара асып, өзге халықтардың жүрегіне жол тапқанын бейнелейді. Поэзияның құдіреті де осында: ол әртүрлі тілде сөйлейтін, әртүрлі ортада өмір сүретін адамдарды ортақ сезім мен ортақ құндылықтар арқылы жақындастырады.