Татар белсенділерінің құжаттары Павлодарда табылды
Олардың көбі саяси қуғын-сүргін жылдары атылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Торайғыров университетінде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ҚР Президенті кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың қатысуымен «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты кездесу өтті. Мәлік Отарбаев тарихи жадының сақталуы, жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу мен Қазақстан халқының ынтымағын одан әрі күшейту қажеттілігі туралы сөз қозғады.
Іс-шара барысында басқа да спикерлер сөйледі. Мысалы, философия ғылымдарының кандидаты, Торайғыров университетінің профессоры Амантай Құдабаев өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ халқының басына түскен ауыртпашылықтарды айтып өтіп, бұл қиын-қыстау заманнан жеңе білген қазақтардың асыл қасиеттерін жоғалтпағанын ерекше атап өтті. Амантай Құдабаев сонымен қатар 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылар атынан Мемлекет басшысына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.
Өз кезегінде, Павлодар облысы Мемлекеттік архиві басшысының орынбасары, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамашылар тобының мүшесі Надежда Кубик архивте жүргізілген ғылыми ізденістер нәтижелерімен таныстырды.
- ХХ ғасырдың басында жұмыс істеген «Яшел байрақ» мұсылман діни-ағартушылық қозғалысы туралы табылған деректер ерекше құнды, - дейді Надежда Кубик. – Татар көпестері Қазақстанның өзге өлкелермен сауда қарым-қатынастарының нығаюына, Ертіс бойындағы рухани өмірге елеулі үлес қосты. Мысал үшін, Кеңес үкіметінің енді ғана орнаған кезінде «Яшел байрақ» мүшелері қоғамдық тәртіпті қорғау жасақтарын, спектакльдер мен тегін кітапхана жұмысын ұйымдастырды.
Алайда, кейіннен татар белсенділерінің жұмысы конттрреволюциялық деп танылып, Абдылфаттах, Абдылмәжіт және Нәжмеддин Рамазановтар, Батрутдин Тумашевтер атылды. Кейінгі жылдары басқа да татар қоғам қайраткерлері билік тарапынан жапа шекті.
Одан өзге, архив құжаттары арасынан «Алаш» партиясының уездік басқармасының жұмысы мен Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ағартушылық қызметінен сыр шертетін деректер табылды.