Павлодар облысында су тасқынына дайындық басталды

Павлодар облысында су тасқынына дайындық басталды
Фото: облыстық ТЖД

2026 жылғы көктемгі су тасқынының қаупін азайту үшін өңірде инженерлік жұмыстар кешені жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңірде алдағы 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Бұл шаралар су басу қаупін азайтып, өңірдегі елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

– Жоспарға сәйкес, 30 шақырымға жуық қорғаныс және жол құрылыстары нығайтылып, қалпына келтірілді. Сондай-ақ 29 су өткізу құбыры орнатылып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Елді мекендер аумағында арықтар мен су бұру арналары тазартылып, ретке келтірілді, – деді департаментте.

Арнайы назар Павлодар ауданының Рождественка ауылына аударылған. Мұнда тұрғын үйлерді ықтимал су тасқынынан қорғау мақсатында қорғаныс үйіндісі мен қазандығы бар нысанның құрылысы жүргізілуде.

Мамандардың айтуынша, бұл кешенді шаралар көктемгі су тасқыны кезінде тұрғындарға келетін залалды азайтып, қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Су тасқынына дайындық жұмыстары тұрақты бақылауда. Барлық аудан мен ауылдық округтерде инженерлік және алдын алу шаралары жалғасуда.