Тырысқақ ауруы: Батыс Африка мен Үндістанға саяхаттан бас тарта тұрған жөн

Тырысқақ ауруы: Батыс Африка мен Үндістанға саяхаттан бас тарта тұрған жөн
Фото: СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментi баспасөз қызметі

Жаз мезгілі – саяхат кезеңі. Көпшілік демалысын есте қаларлықтай өткізу үшін шетелге сапарды алдын ала жоспарлайды. Солтүстік Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы Толқын Қаженова баратын бағытқа да аса мән беруге кеңес береді.

ҚазАқпарат тілшісімен әңгіме барысында маман елден жырақта жүріп түрлі ауру жұқтыру қаупі жоғары екенін айтты.

Эпидемиолог Толқын Қаженованың айтуынша, шетелде тырысқақты жұқтыру қаупі жоғары. Ол өте жұқпалы ауру. Тырысқақ ауруы көбіне Үндістан, Сауд Арабиясы, Сирия, Түркия, Африка елдерінде кездеседі.

«Тырысқақ ауруының қоздырғыштары өте ұсақ үтір белгісі тəрізді болуымен байланысты «вибрион» деген ат берілген. Тырысқақ ауруының екі түрі анықталды. Бірінші түрі - негізгі азиялық тырысқақ, екінші түрі Эль-Тор тырысқағы. Аурудың екі түрінің көзге көрінерлік айырмашылығы жоқ, адам өміріне қаупі бірдей.

Инфекция көзі - ауру адам. Оның нәжісі мен құсығы арқылы таралуы мүмкін, ауру адаммен қатынаста болғанда немесе тұрмыстағы заттарды пайдаланғанда жұғады.

Тырысқақ қоздырғышы ұзақ уақыт адам денесінен сырт өмір сүруі мүмкін. Қоздырғыш ашық су қоймалары мен теңіз суында бірнеше айға дейін, қайнамаған суда 25 күнге, қайнаған суда 37 күнге дейін тіршілігін жоймайды. Əсіресе иірім суда, монша суы жиналған жерде 106 күнге дейін өмір сүреді. Ылғалды бау-бақшадағы топырақта 75 күнге дейін тіршілік қабілетін жоймайды. Ауру адамның нəжісі тиген іш киім бедерінде бірнеше аптаға дейін өмір тіршілігін жоймайды. Тырысқақ қоздырғыштары көкөніс-жеміс тағамдарында 7 күн, сары май, сүт, балмұздақта 14 күн, сүзбе, шикі етте 7 күн, тұздалған етте 21 күн, нанның қабығында 7 күнге дейін тіршілік қабілетін жоймайды», - дейді санитар дәрігер.

Маманның айтуынша, тырысқақ қоздырғыштарын тамақ өнімдеріне шыбындар əкелуі мүмкін. Адам ағзасына ауру қоздырғышы ауыз арқылы енеді. Сонымен бірге залалданған суды қолданса, ашық суларда шомылғанда, жуылмаған жеміс-жидектерден, қоздырғышпен зақымдалған ыдыс, кір қол арқылы жұғады.

«Тырысқақ ауруының алғашқы белгілері жұқтырғаннан кейін 3-5 күнде пайда болады. Ауру жедел басталады, дене қызуы көтерілмеуі де мүмкін, науқастың жиі іші өтіп, құса береді. Қоздырғыш асқазан-ішек жолдарының жұмысын бұзып, науқастың нəжісі иіссіз, түссіз сұйыққа айналады. Аурудың алғашқы белгісі жиі-жиі іш өтіп, құсу, нəжістің сұйылып, бірте-бірте табиғи түсін жоғалтуынан басталады. Аз уақыттың ішінде нəжіс түсі мүлде өзгеріп, күріш суына ұқсайды. Науқас бірте-бірте əлсізденіп, басы айналып, аяқ-қолының бұлшық еттері тартылып, денесі қалшылдайды. Əрдайым ауру адамның дене қызуы төмендейді. Науқас көп сұйықтық жоғалтады, одан дене қызуы бірден төмендейді, денесі тырысып, буындары тартылады, жалпы əлсіздік дамиды, еріндерінің көгеруі байқалады, тынысы əлсіз болады. Науқастың жағдайы нашарлап, аузы құрғап, шөлдейді. Кейде аурудың бірінші күндерінде, дер кезінде дəрігерге қаралмаса науқас өліп кетуі де мүмкін», - дейді Толқын Қаженова.

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының және ProMed торынан алынған мәліметтерге сәйкес, 2023 жылдың 31 наурызы бойынша, биыл әлемде тырысқақтың 70 мыңға жуық жағдайы тіркелген. Соның 1626 жағдайы өліммен аяқталды. Соның ішінде: Африка аймағының 13 елінде 2021 жылғы қазаннан бастап 2023 жылғы 27 наурызға дейін барлығы 145 мың жағдай тіркелді, оның 3249-ы өліммен аяқталды.

«Жазғы каникулдың және демалыс маусымының жақындауына байланысты шетелдерге шығатын азаматтарға аса қауіпті инфекциялардан сақтану үшін бірқатар қарапайым ережелерді еске сақтауды ұсынамын. Соның бірі – тырысқақ өршіген Батыс Африка елдеріне - Конго Демократиялық Республикасы, Конго Республикасы, Камерун, Орталық Африка Республикасы, Нигерия, Кот-д'Ивуар, Либерия, Сьерра-Леоне, Габон және Оңтүстік Судан елдеріне, Сирияға, Үндістан елдеріне, әсіресе балалармен бармағандарыңыз жөн. Сапарды алдын ала жоспарлағандықтан баратын еліңізде аса қауіпті инфекциялар бойынша жағдайды зерделеу қажет.

Сондай-ақ, шетелге шыққан кезде жабайы жануарлармен - приматтармен, кеміргіштермен байланыс жасамау, көше саудасы орындарында тамақ ішпеу, тамаққа тек термиялық өңделген өнімдерді пайдалану керек. Адамдар көп жиналатын орындарға барған кезде жеке профилактика шараларын – қашықтықты сақтап, маска киюге, дезинфекциялық құралдарды қолдануға кеңес беремін», - дейді эпидемиолог.

Маманның айтуынша, егер сапардан келгеннен кейін ауырсынуды, температураны, қызарып, беті көпіршіктенген бөртпені байқасаңыз, міндетті түрде шет елде болғандығыңыз туралы айтып, тез арада жақын жердегі медициналық ұйымға хабарласу қажет.

«Шетелде тек бөтелкедегі суды қолданғаныңыз жөн. Шикі судан, дайындалған мұзды жеуге болмайды. Жемістер мен көкөністерді қайнатылған немесе бөтелкедегі сумен жақсылап жуып жеңіз. Табиғатқа шыққанда жәндіктерден қорғайтын құралдар – репелленттерді қолдану керек», - дейді Толқын Қаженова.

Ал туляремияны жұқтыру қаупі жоғарылаған аймақтарға барған кезде теріні мүмкіндігінше жабатын киім кию керек.

«Тіпті жылы мезгілде табиғатқа шыққанда да ұзын жеңді шалбар мен кеудешелерге артықшылық беру керек. Жағалар мен жеңдер, шалбардың манжеттері денені мықтап қысып тұруы қажет. Сондай-ақ, бас киімді ұмытпаған жөн. Аяққа шұлықпен бірге етік немесе бәтеңке кию керек. Кенеге қарсы арнайы костюм кенелерден барынша қорғауды қамтамасыз етеді.

Жалпы ауру жұқтырмас үшін маңызды гигиеналық дағды – қолды ыстық сумен сабындап жууды əдетке айналдырған жөн. Себебі «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағида əрқашанда маңызын жоймас», - дейді Толқын Қаженова.