Торайғыров университетінің ғалымдары Парижде біліктілігін арттырды

Торайғыров университетінің ғалымдары Парижде біліктілігін арттырды

Ғалымдар ISO 17025 сәйкес зертханалық аудит жүргізу бойынша үш күндік курстан өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Торайғыров университетінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 2022 жылдың қараша айында Парижде өткен жоғары оқу орындарының Қазақстан-Француз форумы аясында Торайғыров университеті стандарттау және метрология саласындағы ғылыми ынтымақтастықты бастаған. 

Университет ректоры Еркін Садықов тәжірибе алмасуға ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдау көрсеткенін атап өтті.

- Кез-келген тәжірибе адамға пайдалы, әсіресе ғалымдар үшін. Бәсекеге қабілетті мамандарды тәрбиелеу үшін біз мұның Қазақстаннан тыс жерлерде қалай жасалатынын білуіміз керек. Сондықтан Торайғыров университетінде шетелдік әріптестерінің тәжірибесін зерделеу мүмкіндігі бар екені қуантады. Әрине, мұның бәрі мемлекеттің қолдауынсыз және әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнатуға тырысатын ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауынсыз мүмкін болмас еді, - деді ректор. 

Қазақстанның Франциядағы елшілігінің өкілдері ұлттық метрология және сынақтар зертханасымен (LNE) келіссөздерді ұйымдастыруға көмек көрсетті, нәтижесінде Виктор Камкин мен Ақмарал Мұхамеджанова бастаған ауыл шаруашылығы ғылымдары факультетінің профессор-оқытушылар құрамы "ISO 17025 талаптарына сәйкес зертхананың аудитін ұйымдастыру" тақырыбында семинар өткізді. 

- Оқыту теориялық материалмен қаныққан, практикалық кезеңі де қамтылған тамаша тәжірибе алмасу болды. Халықаралық стандарттар бойынша, зертханалық аудитті дұрыс жүргізу бойынша құнды білім, аудитордың рөлі туралы – аудит кезінде өзін қалай дұрыс ұстау керектігі туралы біліммен қанықтық. Біз практикалық жағдайларды, зертханалық аудиттің нақты жағдайларын талдадық. Бұл білім біз үшін маңызды. Алдағы уақытта университет қабырғасында  қолданылатын болады, - деді Ақмарал Мұхамеджанова.

Үш күндік семинар барысында Қазақстаннан барған қатысушылар халықаралық стандарттарды, аудит техникасы мен құралдарын, менеджмент жүйелерін (ISO 19011) енгізудің Француз тәжірибесімен танысты. Семинар аясында LNE зерттеу және дамыту жөніндегі директоры М. Шамбон ханыммен кездесу өтті. ҚР Франциядағы елшілігінің қолдауымен метрология саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында қазақстандық университет пен француз институты арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.