Павлодардағы музейге Шәкен Рақышевтің қолөнері сыйға тартылды

Биыл бесаспап шебер, талантты жерлесіміздің туғанына 90 жыл толып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл ауданының тумасы, өнегелі ұстаз, сазгер Шәкен Рақышевтің алғашқы шәкірттерінің бірі Жасталап Орынбаев пен Рымтай Сапарбекова ұстаздары жасаған, түйе терісінен дайындалған қос қобызды Бұқар жырау музейінің қорына табыстады.
– Шәкен ағай оркестрде 40-50 баланы бір аккорд арқылы өз сөзіне ұйыта алатын. Оның сабырлығы мен шеберлігі бәрімізге үлгі болды, – дейді Рымтай Сапарбекова.
Музейдің әдебиет бөлімінің меңгерушісі Абзал Рымбектің айтуынша, Шәкен Рақышевтің шәкірті Жасталап Орынбаев ағамызбен хабарласып, ұстазының жасаған аспаптары туралы сұраған. Ол кісі өзінде Шәкен ағайдың кезінде өзі жасап берген екі қобызы бар екенін айтып, музей қорына өткізуге келісім берген.
Сонымен қатар, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын Шолпан Байғалы да ұстазының өз қолымен жасаған ерекше домбырасын музейге сыйға тартты.
– Бұл домбыраны Шәкен ағай менің кенже қызыма арнап, кішкентай баланың қолына ыңғайлы етіп, жиналмалы түрде жасап берген еді. Сол аспап – мен үшін аса қымбат естелік. Енді оның музей қорында сақталғаны дұрыс деп шештім, – дейді ақын.
Қолөнер шебері Бауыржан Ысқақовта өзінің естелігімен бөлісіп, Шәкен Рақышев оған мамандық таңдауына ерекше ықпал еткенін еске алады.
– Бала күнімде оның жанында отырып, аспап жасаған сәттерін қызыға бақылайтынмын. Сонда ағам: «Осы баланың қолынан бір дүние шығар» деп айтқан еді. Сол сөз өз орнын тауып, бүгінде менде домбыра мен қобыз жасайтын шеберге айналдым, – дейді шебер.
Осылайша Бұқар жырау музейі тағы үш жәдігерге толықты.