Павлодар облысының бес ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттер салынады
Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталмақ.
Бұл туралы @Pavlodarnews.kz АА жолдаған ресми сауал хатқа жолдаған жауабында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәуле Арыстанова хабарлады.
– Бүгінгі таңда өңірде 24 фельдшерлік-акушерлік пункт бар. Барлық пунктердің медициналық бұйымдармен жабдықталуы 88,3 пайызды құрайды. Нысандардың жалпы тозуы – 43,1 пайыз, – дейді Сәуле Арыстанова
Облысты дамыту жоспары шеңберінде 2023 жылы Ақсу қаласы Пограничник ауылдында жаңа фельдшерлік-акушерлік пунктінің құрылысы басталған. Мердігер – «Промжилстройкомплек» ЖШС. Бұл мердігермен шарт сомасы 146,3 миллион теңгені құрайды.
Бүгінгі таңда аталған ФАП-тың негізгі жұмыстары аяқталған, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Нысан жылдың аяғына дейін қолданысқа тапсырылмақ.
– 2024 жылы «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде бес елді мекенде фельдшерлік-акушерлік пункт салу жоспарлануда. Олар – Айнакөл, Үштерек, Еңбек, Бәйет, Заңғар ауылдары, – дейді Сәуле Арыстанова.
Спикер фельдшерлік-акушерлік пункттерде мамандар тапшылығы бар екенін жасырмады. Бүгінгі таңда облыс бойынша фельдшерлік-акушерлік пункттерде төрт акушер мен бір медбике жетіспейді. Баянауыл, Железин, Ертіс аудандарында акушер мамандары жеткіліксіз болса, Успенде бір медбике мен бір акушер қажет.
Еске сала кетейік, өңірде көптеген аудандарда медициналық нысандар жөндеуді талап етеді. Бүгінде осындай 30 нысан бар, олар жоспар бойынша келесі жылдан бастап күрделі жөндеуден өтеді. Ақтоғай, Аққулы, Баянауыл, Успен, Тереңкөл, Павлодар, Железин аудандарында бұрыннан жөнделген, бірақ та тозығы жеткен ауруханалар, дәрігерлік амбулаториялар, медициналық пунктер бар.