Волонтерлер шетелде павлодарлық батырға ескерткіш ашпақ
Ол Беларусьте шайқас кезінде қаза болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Майдан жолы» жасағының командирі Александр Шитов және оның әріптестері Оқушылар сарайындағы Павлодар қаласы мектеп оқушыларымен кездесу өткізді. Александр Шитов «Батырлар жолымен» атты ERG патриоттық жобасы туралы әңгімелеп берді.
- Маусым айында «Майдан жолы» жасағы Беларуське Ұлы Отан соғысы кезінде хабар-ошарсыз кеткен жерлестерімізді іздестіруді жалғастырады. Жоба бірқатар мерейтойлық жылы ұйымдастырылуда. Мысалы, биыл Беларусьтің неміс-фашист басқыншыларынан азат етілгеніне 80 жыл, Кеңес Одағының Батыры Михаил Катаевтың ұрыста қаза тапқанына 80 жыл, «Майдан жолы» жасағының 15 жылдығы, - деді Александр Шитов.
Беларусь еліндегі Мозырь қаласында павлодарлық іздеушілер Кеңес Одағының Батыры Михаил Катаевқа арнап бюст орнатып, ескерткішті салтанатты түрде ашады. ERG тобының «Батырлар жолымен» атты патриоттық жобасының мақсаты да сол – Ұлы Отан соғысы қаһармандары есімдерін ұлықтау, жастарды отансүйгіштікке баулу, Еуразиялық одақ халықтары арасында достықты насихаттау.
Қазақстан қарулы күштері ардагерлерінің павлодарлық филиалының төрағасы Жан Қаратаев волонтерлерге игілікті істі бастап жатқандары үшін алғыс білдіріп, жастарға осы істің қаншалықты маңызды әрі ауыр екендігін жеткізуге тырысты.
- Бұл кісілер демалыстарын қиып, отбасыларын тастап алысқа аттанады. Далада көшіп-қонып жүріп волонтерлер соғыс батырларынан қалған жәдігерлерді іздейді. Олар ата-бабаларымыз туралы естелік қалсын, жастарымыз тарихты білсін деп тырысып жүр. Соғыста оққа ұшқан азаматтарымыздың ұрпақтары бұл кісілерге көздеріне жас алып алғыс білдіріп жататындығы, міне, осыдан, - деді қарулы күштер ардагері.
Жан Қаратаев сонымен бірге биыл Кеңес Одағының Батыры, «Халық қаһарманы», Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов пен Берлинде Жеңіс жалауын желбіреткен «Халық қаһарманы» Рақымжан Қошқарбаевтың 100-жылдық мерейтойы екендігін ескертті.
Өз кезегінде, «Славян мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Татьяна Кузина тарихи жадының сақталуының маңыздылығы, халықтар достығының құндылығы туралы айтып берді.
Михаил Катаев Тереңкөл ауданының Осьмерыжск ауылында туған. 1943 жылы ол Днепр өзенінен асып, Қызыл Әскердің шабуылына белсенді түрде қатысып, неміс қорғанысын бұзып өтуге жағдай жасады. Осы ерлігі үшін ол Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Алайда 1944 жылы 26 қаңтарда Беларусьтегі Гомель облысындағы шайқаста оққа ұшып, алтын жұлдызды кеудесіне таға алмады.
Айта кетейік, 15 жыл ішінде «Майдан жолы» жасағы 303 қазақстандық сарбаз бен офицердің мәйіттерін тауып, жерледі. Жеті жауынгердің мүрделері кіші Отанына әкелініп, әскери дәстүрге сай жер қойнауына тапсырылды. 25 ескерткіш орнатылып, 800-ден астам құнды жәдігер елге әкелінді.