Павлодарда цифрлық сот орындаушы жобасы нәтижесін көрсетуде
Жоба пилоттық болғандықтан, болашақта қайта қаралуы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық әділет департаменті басшысы орынбасарының м.а. Айнұр Канопьянованың айтуынша, 2024 жылдың тамыз айында әділет министрлігі мен жеке сот орындаушыларының Республикалық палатасы бірлесіп іске қосқан «Цифрлық сот орындаушы» жобасы өндірістерді автоматтандыруда айтарлықтай нәтижелер көрсетуде.
Айнұр Канопьяновның сөзінше, жыл басынан бері робот пайдаланушыларға жақсы көмек көрсетті. Атап айтқанда: 19 мың жеңілдетілген атқарушылық іс қозғалды, жалпы қарыз сомасы 428 миллион теңгені құрады, оның ішінде 3 397 іс толық орындалған.
– Робот толық автоматтандырылған режимде жұмыс істейді және адам араласуын қажет етпейді: өзі істі қозғайды, арест қояды, аресті алып тастайды, өндірісті тоқтатады, борышкерге хабарламаларды автоматты түрде жолдайды, – дейді ол.
Жеңілдетілген өндіріс арқылы төлем жасаған борышкерлер айтарлықтай қаражат үнемдеген.
Жеке сот орындаушысының жұмысы үшін төленетін 25 пайыз шығыс көлемін ескерсек, робот арқылы төлем жасағандар 1,9 миллион теңгеге жуық қаражатты үнемдеген, егер бұл істер жеке сот орындаушыға берілген болса, борышкерлер қосымша ақша төлеуге міндетті болар еді.
Яғни робот – борышкерлердің шығынын азайтуға бағытталған тиімді құрал.
Айнұр Канопьянованың пікірінше, роботтың басты артықшылықтарының бірі – шоттарды артық бұғаттауды болдырмауы.
Жеке сот орындаушы арестті барлық шотқа қоятын болса, робот: қарызды өтеуге жететін қаражат бар тек бір шотты ғана бұғаттайды, жалақы, әлеуметтік төлемдер түсетін шоттарды қозғамайды. Бұл борышкердің әлеуметтік жағдайын қиындатпау мақсатында енгізілген маңызды функция.
– Кейбір борышкерлер роботтағы өндірістен бас тартуды жөн көреді. Себебі роботта, қарызды бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылмаған. Сондықтан борышкерлер:«жеке сот орындаушы арқылы бөліп төлеймін» деп, робот жолдаған хабарламада «бас тарту» батырмасын басып, істі жеке сот орындаушыға бағыттай алады, – дейді басқарма басшысы.
Қазіргі таңда робот ең төменгі 78 мың теңгеден басталатын қарыз сомалары бойынша өндіріс қозғайды.