Железин ауданының спортшыларына жаңа автобус сыйға тартылды

Железин ауданының спортшыларына жаңа автобус сыйға тартылды

Оларға депутаттар көмектесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Железин аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары үшін автобус сатып алынды. Павлодар облысының әкімдігі аудан басшылығы мен «Amanat» депутаттарының бірлескен бастамасымен балаларға сый жасады. «Газель-next» шағын автобусы Железинге жеткізілді.

Спорт кеңесінде аудандық дене шынықтыру мұғалімдері, жаттықтырушылар мен спорт ардагерлері команда мүшелерінің тасымалдауына  қатысты мәселені көптен бері көтерген болатын.

– Бұрын жарыстарға бару үшін аудандық білім бөлімінен автобус сұрайтынбыз. Бірақ олардың өз іс-шаралары жеткілікті болғандықтан, бізді көлікпен қамтамасыз ете алмайтын. Үшінші жыл қатарынан облыстық футбол турниріне қатысып, жыл сайын балаларымыз сонда бірінші орын алып жүр. Ал балаларды қалаға апару үшін апта сайын көлік іздейтінбіз, – дейді жасөспірімдер спорт мектебінің жетекшісі Амангелді Болатов.

Железиндіктерді алдағы жылда көптеген жарыстар күтіп тұр. Жаттықтырушылар шаңғы жарысынан облыс чемпионатына он жас спортшыны апарады.