Железиндік жастар елді мекендерді көркейтуге атсалысады
Еңбек маусымы шілдеде басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бірінші шілдеден бастап Железин ауданында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының кезекті маусымы басталады. Биыл жобаны жүзеге асыруға шамамен 4,5 миллион теңге бөлініп, ауданның 40 оқушысы мен студентін уақытша жұмыспен қамту жоспарланған.
Жоба аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 16-35 жас аралығындағы жастар еңбек жасақтарының құрамына қабылданды. Еңбек маусымы бір айға созылады. Осы уақыт ішінде қатысушылар ауданның елді мекендерін көркейту мен абаттандыру жұмыстарына атсалысады.
Жасақ сарбаздары ауылдық округтердегі балалар алаңдарын, саябақтар мен скверлерді ретке келтіреді. Сонымен қатар, ағаштарды әктеу, көшеттерді суару, арамшөптерді тазарту және аумақтарды қоқыстан арылту жұмыстарын орындайды. Бұдан бөлек, жалғыз тұратын қарт адамдарға көмек көрсету де олардың негізгі міндеттерінің бірі болмақ.
Жастардың қауіпсіз әрі тиімді еңбек етуі үшін барлық қажетті құрал-жабдықтар қарастырылған. Оларға қолғаптар, шелектер, бау-бақша құралдары мен қоқыс жинауға арналған арнайы қаптар беріледі.
Бағдарлама қатысушыларының еңбегі де лайықты бағаланады. Жасақ мүшелеріне жергілікті бюджет есебінен 85 мың теңге көлемінде жалақы төленеді. Бұған қоса, облыстық «Жасыл ел» штабы тарапынан қосымша 35 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіледі.
Жобаның орындалуын жастар бастамаларын дамыту орталығы «Айбаттың» қолдауымен ауылдық округ әкімдері үйлестіреді. Әр жұмыс күні таңертең жастарға атқарылатын жұмыстардың көлемі мен міндеттері түсіндіріліп отырады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба тек уақытша жұмыспен қамтуды ғана емес, жастардың еңбекке деген жауапкершілігін арттыруды, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуды көздейді. Сонымен қатар, қатысушылар ұжымда жұмыс істеу дағдыларын меңгеріп, алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтайды.
Жұмыс процесінде еңбек заңнамасының талаптары қатаң сақталады. Атап айтқанда, 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдердің жұмыс уақыты күніне жеті сағаттан аспайды. Бұл талаптардың орындалуын мемлекеттік еңбек инспекциясының мамандары бақылауда ұстайды.
«Жасыл ел» жобасы жыл сайын өңір жастарын қоғамдық пайдалы еңбекке тартумен қатар, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға және жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға мүмкіндік беріп келеді.