Павлодарда жаңа үлгідегі ұлттық киімдер сәнге айналды (ФОТО)

Павлодарда жаңа үлгідегі ұлттық киімдер сәнге айналды (ФОТО)

Өңірде аз уақыт ішінде танымал болып үлгерген дизайнерлердің бірі – Арайлым Русланқызы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қолөнершінің айтуынша, бүгінгі таңда жаңаша үлгідегі ұлттық киімдерге тапсырыстардың саны  арта түскен. Жастар оюлы свитшоттар мен қазақша ою-өрнекпен әшекейленген киімдерді сәнге айналдырып, қазақ мәдениетінің дамуына жол ашқан. 

– Бұл салада қолөнермен айналысып жүргеніме үш жыл болды. Әсіресе соңғы екі аптада жұмыс қыза түсті. Осы аз уақыттың ішінде көптеген тапсырыс алып үлгердім. Тіпті, басқа қалалардан да тапсырыстар беріп жатыр, – дейді дизайнер, тігінші Арайлым Сартай.

Тігінші тек әйел адамдарға  ғана емес, ер адамдарға да арнап киім тігетінін айтады. Көбінесе қыз-келіншектер тарапынан сұраныс көп болады.

– Ер адамдарға футболка, свитшот тігемін. Бірақ әйел киімдеріне сұраныс көп. Көбінесе қазіргі күні сәнге сай киімдерге тапсырыс береді. Әр ай сайын сән әлемі өзгеріп отырғандықтан сұранысқа ие киімдерді тігемін. Қазіргі таңда маған көп түсетін тапсырыстардың бірі – корсет. Яғни бұл корсеттің стилін, матасын өзгерте отырып, тапсырыс берушінің қалауымен тігіп беремін. Жаңаша үлгідегі ұлттық киімдерді тігу өзіме ұнайды. Бұл мәдениетіміздің жаңғыруы деп санаймын, – дейді Арайлым Русланқызы. 

Арайлым бүгінде Торайғыров университетінде дизайн мамандығы бойынша екінші курста оқиды.  

– Болашаққа қойған жоспарым өте көп. Өзімнің жеке ательемді ашып, өз брендімді шығарғым келеді. Осы салада өзімді дамытып, белгілі дизайнер болғым келеді, – дейді  ол. 

Арайлымның басты мақсаты – ұлттық нақыштағы киімдерді әлемдік сатылымда көру. Әлеуметтік желі арқылы танылған бұл бренд басқа қала азаматтарына де жеткені жалған емес. 

Мақсат Көлтайұлы