Чернорецктегі балабақшада көп жылдан бергі мәселе шешімін табады

Чернорецктегі балабақшада көп жылдан бергі мәселе шешімін табады
Фото: Дариға Абай

Павлодар ауданының Чернорецк ауылындағы «Ақбота» балабақшасында күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Екі қабатты мектепке дейінгі мекеме 60 балаға арналған. Мұнда кең топ бөлмелері, спорт және музыка залдары бар.

Қазіргі уақытта мердігер ұйым ғимаратты кешенді жаңарту жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде шатырды жөндеу толық аяқталып, терезелерді ауыстыру және ішкі әрлеу жұмыстары басталды.

Балабақша директоры Айгүл Ұрынтаеваның айтуынша, бұрынғы негізгі мәселелердің бірі қыс мезгілінде ғимараттың жеткілікті деңгейде жылынбауы болған.

– Бұрын орнатылған бір камералы терезелер арқылы жылу сыртқа шығып кететін. Қазір барлық талаптарға сай келетін заманауи терезелер орнатылуда. Сонымен қатар спорт залындағы әйнектелген аумақ азайтылып, бұл бөлмеде жылуды тиімді сақтауға мүмкіндік береді, – деді балабақша басшысы.

Жоба аясында жылыту жүйесі жаңартылып, электр желілері ауыстырылады. Сондай-ақ ғимараттың қасбеті жаңартылып, жаңа әрлеу жұмыстары жүргізіледі. Барлық жұмыстарды «Намыс Строй Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда.

Айгүл Ұрынтаеваның сөзінше, құрылысшылар қысқа уақыт ішінде ауқымды жұмыс көлемін орындаған.

– Ең алдымен шатыр толық жаңартылды. Қазір мамандар бірнеше учаскеде қатар жұмыс істеп жатыр. Мердігер белгіленген мерзімде нысанды тапсырады деп сенеміз, – деді ол.

Балабақшаны күрделі жөндеуге 254 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Жөндеу жұмыстары жаздың соңына дейін аяқталып, тәрбиеленушілер күзде жаңартылған ғимаратқа оралады деп жоспарлануда.

Сонымен қатар, жаңа оқу жылынан бастап мекемеде қосымша кіші топ ашу көзделген. Қазіргі уақытта балабақшаға кезекте тұрған балалар саны – 14.

Күрделі жөндеу нәтижесінде балалар үшін жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасалып, педагогтер мен ата-аналарды көп жылдан бері алаңдатқан мәселелер шешімін таппақ.