ЖИ-таңбалау: цифрлық әлемдегі жаңа тәртіп пен қомақты айыппұлдар
Еліміздің ақпараттық кеңістігінде жасанды интеллект өнімдерін міндетті түрде таңбалау талабы енгізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы Әділет департаментінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, бұдан былай жасанды интеллект арқылы жасалған кез келген өнімге – мәтінге, суретке, видеоға немесе аудио материалдарға – міндетті түрде «ЖИ» белгісі қойылуы шарт. Бұл қадам цифрлық контенттің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жаңа заңнамаға сәйкес, жасанды интеллект жүйелері қолданылған барлық материалдарда бұл белгі айқын көрінетіндей орналасуы тиіс.
Талапты орындамағандар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауапқа тартылады. Жеке тұлғалар үшін 15 АЕК (64 875 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Шағын бизнес субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға 20 АЕК (86 500 теңге), орта бизнеске 30 АЕК (129 750 теңге), ал ірі кәсіпкерлік нысандарына 100 АЕК (432 500 теңге) мөлшерінде санкция қолданылады.
Егер заң бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі артып, жаза қатая түсетінін ескеру қажет.