Сот тыйымына қарамастан рөлге отырған екібастұздық екі жүргізуші жазаланды
Олар уақытша қамауға алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұзда сот шешімімен көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, қайтадан рөлге отырған екі жүргізуші анықталды. Олардың бірі Mercedes-Benz, екіншісі ВАЗ-2107 автокөлігін басқарған.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтарды патрульдеу кезінде анықтаған. Көліктерді тоқтатып, құжаттарын тексеру барысында екі жүргізушінің де бұған дейін сот шешімімен көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.
– Екі құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Жүргізушілер сот шешімі шыққанға дейін заңнамада белгіленген тәртіппен уақытша ұстау камерасына қамалды, – деді Екібастұз қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция ротасының командирі Арман Құрманғали.
Полиция өкілдері көлік басқару құқығынан айырылған адамдардың қайтадан рөлге отыруы заң бұзушылық екенін және бұл әрекет үшін заңнамада жауапкершілік көзделгенін ескертеді.
Тәртіп сақшылары жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға және өзге де жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндірмеуге шақырады.