Павлодар облысында екі науқас тікұшақпен ауруханаға жеткізілді

Павлодар облысында екі науқас тікұшақпен ауруханаға жеткізілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Медициналық авиация көмегімен шұғыл жеткізілген ер адамдардың бірі жансақтау бөліміне жатқызылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 18 қарашада авиациялық жасақтың экипажы медициналық авиация бригадасымен бірлесіп, Павлодар облысында екі санитарлық рейс орындады.

Алғашқы рейс Шарбақты ауданынан Павлодар қаласына жасалды. Бас жарақатын алған 1979 жылы туған ер адам аудандық ауруханадан Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді.

Облыстық жедел жәрдем станциясы мен денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқастың жағдайы ауыр деп бағаланып, жансақтау бөліміне жатқызылған.

Екінші рейс Ертіс ауданынан ұйымдастырылды. 1973 жылы туған ер адам аудандық ауруханадан Павлодар облыстық кардиологиялық орталығына жеткізілді.

– Тексеру нәтижесінде науқасқа кардиомиопатия және созылмалы жүрек жеткіліксіздігі диагнозы қойылды. Ол бейінді бөлімшеге жатқызылды. Жағдайы орташа ауырлықта, қажетті консервативті ем қабылдап жатыр, – деп хабарлады медицина қызметкерлері.

ТЖМ мәліметінше, екі санитарлық рейс те штаттық режимде өтіп, сәтті аяқталды.