Павлодарда көпшілік алдында әйелге тіл тигізген ер адамға қатысты іс қозғалды
Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде таралып, жәбірленуші полицияға арызданған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қаладағы ойын-сауық орындарының бірінде 33 жастағы ер адам көпшілік алдында жергілікті тұрғын туралы оның беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер таратқан. Сондай-ақ сөзін бейәдеп сөздермен жалғастырған.
Оқиғаның бейнежазбасын полицейлер әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында анықтаған. Бұдан бөлек, жәбірленушінің өзі де құқық қорғау органдарына жүгінген.
Әйел Instagram парақшасында оқиғаның мән-жайын түсіндірді. Оның айтуынша, 19 қарашада өткен ойын-сауық кешінде өзінің атынан жазылған хат көпшілік алдында оқылған. Алайда ол мұндай әрекетке келісім бермегенін мәлімдеді.
– Жергілікті шоуда менің атымнан хат жазып, оны рұқсатымсыз көпшілік алдында оқыған. Хатты дайындап, менің атымнан сөйлеген жүргізушіге қатысты арыз жаздым, – деп жазды әйел әлеуметтік желіде.
Ол сондай-ақ ұйымдастырушылардың бірі өзін кешке құпия қонақ ретінде шақырғанын, бірақ ұсыныстан бас тартқанын жеткізді. Әйел жеке өміріне қатысты мәселелерді көпшілік алдында талқыламауды сұрағанын атап өтті.
Полиция қызметкерлері ер адамның жеке басын анықтап, бөлімшеге жеткізді.
Оған қатысты ұсақ бұзақылық және жала жабу фактілері бойынша әкімшілік іс қозғалды. Ер адам уақытша ұстау камерасына қамалып, материалдар сотқа жолданды.
Тәртіп сақшылары азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға жол берілмейтінін ескертті. Құқықбұзушылықтарға заң аясында тиісті баға беріледі.
Әкімшілік істер бойынша сот шешімі туралы әзірге ақпарат жоқ.