Павлодар облысында коммуналдық желілерді жаңғырту жоспары әзірленді
Реконструкция және жөндеу жұмыстары ұлттық жоба аясында жүзеге асырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Энергетика және коммуналдық секторды жаңғыртуға арналған кешенді шараларды аймақтың бес ірі кәсіпорны қолға алады.
Бұл туралы Павлодар облысы бойынша ҚР ҰЭМ табиғи монополияларды реттеу комитеті департаменті басшысының орынбасары Камилла Байғожанова мәлімдеді.
– Жобаның негізгі мақсаты – желілердің тозуын азайту, өмірді қамтамасыз ету жүйелерінің сенімділігін арттыру, коммуналдық қызметтердің сапасын жақсарту және өңірлердің одан әрі экономикалық дамуына тұрақты негіз құру. Жобалардың жалпы құны 24 миллиард теңгеден асады, – деді Камилла Байғожанова.
«Павлодар электр желілерін тарату компаниясы» бірден 9 миллиард теңгеден астам қаржыға 34 жобаны ұсынды. Олардың қатарында әуе желілерін салу және реконструкциялау, трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңарту, сондай-ақ электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізу бар.
«Павлодар жылу желілері» ЖШС 5,8 миллиард теңгеге жеті жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Оған сорғы станциясын салу, жылу магистралін және орталық жылу пункттерін реконструкциялау кіреді.
«Екібастұз жылу желілері» ЖШС жалпы құны 5,2 миллиард теңге болатын төрт жобаны қолға алмақ. Олар жылу магистралін реконструкциялауды қамтиды. «Теплосервис-Ақсу» КМК 2,6 миллиард теңгеге екі жобаны ұсынып отыр, оның ішінде магистральдық және тарату желілерін жаңарту бар.
Екібастұздағы тағы бір кәсіпорын – «Горводоканал» КМК 1,3 миллиард теңгеге сорғы станциясын реконструкциялауды жоспарлауда.
Айта кетейік, өткен жылдың соңында өңірдегі жылу желілерінің тозу көрсеткіші 1,5 пайызға төмендеді – 79,7 пайыздан 78,2 пайызға дейін. Желілердің жалпы ұзындығы 1437,9 шақырымды құрайды.