Биыл Павлодарда жаңа трамвай вагондары сатып алынады
Трамвай паркін жаңғырту және жаңарту мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Трамвай басқармасының мәліметінше, жиынға Астана және Алматы қалаларынан Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) банкирлері, мемлекеттік органдар мен «ӘКК» АҚ өкілдері қатысты. Сонымен қатар талқылауға ЕҚДБ-ның сатып алу, техникалық, экологиялық және әлеуметтік сараптама жөніндегі консультанттары да қатысты. Биыл 23 жаңа вагон сатып алу жоспарлануда.
Д.Д. Махмудов атындағы «Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ басқарма төрағасы Муслим Махмудов бұл кездесу облыс әкімі Асайын Байхановтың Павлодардағы трамвайларды жаңарту бойынша қойған міндеттерді іске асыру жөніндегі қадамдардың бірі екенін атап өтті.
– Бұл көліктер жолаушылар үшін ыңғайлы және сапалы болуы керек. Трамвайлар – бүкіл Қазақстанда, оның ішінде Павлодарда да көліктің ерекше және қажетті түрі және қала тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие. Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл әлемде трамвайлардың танымалдығы туралы айтқан болатын, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Еске сала кетейік, Еуропалық қайта құру және даму банкімен 70 жаңа төменгі қабатты трамвай сатып алуға қаражат тарту бойынша келіссөздер жүргізілген болатын.