Ақтоғайда экономикалық даму мен халық әл-ауқаты артты

Ақтоғайда экономикалық даму мен халық әл-ауқаты артты
Фото: Константин Шелков

Аудан барлық сала бойынша көрсеткіштерін жетілдіруде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аудан әкімі Қаршыға Арыновтың айтуынша, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, инвестициялар, кәсіпкерлік, әлеуметтік сала, білім беру, денсаулық сақтау және инфрақұрылым бағыттарында нақты нәтижелер бар.

Өнеркәсіп саласында аудан өндірісінің көлемі 506 миллион теңге, оның басым бөлігін тау-кен өнеркәсібі құрайды. Атап айтқанда: «Сольхимпром» компаниясы жыл бойы 65 мың тонна тұз өндірді. Өңдеу өнеркәсібінде нан-тоқаш, сүт өнімдері, киім-кешек және жабдықтарды жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 28,8 миллиард теңге болды. Орылған жер көлемі 80 мың гектардан астам, ал суармалы егістік көлемі алты мың гектарға жетті. Ірі инвестициялық жобалар аясында бірнеше компания суармалы жерлерді кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашты.

– Әлеуметтік салада 408 жұмыссыз есепте тұрса, 600 астам адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 56 адам жастар тәжірибесіне жіберілді. «Күміс жас» жобасында 31 адам жұмыс істейді, өңіраралық еңбек мобильдігі бағдарламасы бойынша жеті отбасы, қандастар бойынша үш отбасы қоныстандырылды. Бүгінде жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрайды, – деді Қаршыға Арынов.

Ауданға тартылған инвестиция көлемі 14,9 миллиард теңге, ал жыл соңына дейін 17 миллиард теңгеден астам инвестиция тарту жоспарлануда.

Шағын және орта кәсіпкерлікте 830 субъект жұмыс істейді, бөлшек сауда көлемі 5,4 миллиард теңгеге жетті. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы бірнеше жоба қолдау тапты, жаңа шағын несиелер берілді.

Ауданда 22 мектеп, бір балабақша және қосымша білім беру ұйымы жұмыс жасап жатыр. Мектепке дейінгі біліммен қамтылу 100 пайызды құрайды, 1892 оқушы бар.

–  Мектептер компьютерлермен, бейнекамералармен жабдықталған. «Жаңарту-2025» жобасы аясында Ыдырысов атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтіп, үш жаңа оқу кабинеті ашылды, – деді аудан әкімі.

Денсаулық сақтау саласында Жолболды ауылындағы медициналық пункт 87 миллион теңгеге жөнделді, аудандық ауруханаға үш жаңа жедел жәрдем көлігі алынды.

Инфрақұрылым бойынша 31 елді мекеннің 19-ы орталықтандырылған сумен, қалғаны модульдік жүйемен қамтамасыз етілген. Аудан жолдарының жалпы ұзындығы 637 шақырым, оның 89 пайызы – қанағаттанарлық немесе жақсы жағдайда. Республикалық және облыстық жолдарда орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.