Kalifarniya-ға күртеше тіккен павлодарлық этнодизайнер алғашқы дефилесін өткізді

Kalifarniya-ға күртеше тіккен павлодарлық этнодизайнер алғашқы дефилесін өткізді
Фото: автор

Сән көрсетілімінде оның шәкірттері көздің жауын алатын ұлттық киімдерді көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Жастар бастамаларын дамыту орталығында Халықаралық әйелдер күнін мерекелеу қарсаңында «Ақ босаға жас келіндер мектебі» бірлестігінің ұйымдастыруымен дефиле өтті. «Қазақ аналары дәстүрге жол» филиалының мүшесі, Назарбаев зияткерлік мектебінің өнер пәні мұғалімі, этнодизайнер, тігінші Әсел Бекжігіт өзінің алғашқы дефилесін өткізді. 

Шебер өзі тігіп шыққан шапан, белдемшелерді, тақия, абайкаларды 15 шәкіртіне кигізіп, оларды сән көрсетіліміне модель ретінде алған. Павлодарлықтардың назарына петроглиф суреттері, құрақ көрпенің киімдегі нақышы, заманауи стильдегі күнделікті өмірде киюге болатын ұлттық киімдердің айқын үлгілері көрсетілді.

– Негізгі мамандығым – суретші. Бала күнімнен суретші болуды армандадым. Тігін ісімен соңғы бес жылда айналыса бастадым. Сурет салу мен киімнің эскизі бір-бірімен тұтасып жатқандықтан қатты қиналдым деп айта алмаймын, – деді Әсел Бекжігіт. 

Әсел тігіншілік оның бойына қанмен дарыған деп санайды.

– Анамның арғы атасы кезінде ашаршылықта байларға киім тігіп, күнін көрген. Сырма, жібек шапан тікті. Одан кейін менің анама да сол қасиет берілді, – деді этнодизайнер. 

Тігіншінің ең ерекше жұмысы екі жыл бұрын орындалды. «Ertis Promenade» маусымының жабылуында өнер көрсеткен Kalifarniya әншісіне құрақ көрпеден тігілген күртешені сыйға тартты. Сол еңбегіне әлі күнге дейін риза. 

– Құрақ тек жастық пен көрпемен шектеліп қалмау керек. Құрақ деген сөздің ұғымы– басы, құралуы. Құрақты жеке бренд ретінде қалыптастырдым деп айта аламын, Қазақстан бойынша да айтсам да артық емес. Әнші Kalifarniya-ға күртеше сыйға тартылған кезде көп сынға да, мақтауға да ілікті. Бүгінде Әсел Бекжігіттің күртшесі деп айтқан кезде ерекше бойымды мақтаныш кернейді, – деді шебер.

Екі қыз және екі ұл баланы тәрбиелеп отырған өнерлі ана бұл іспен бүлдіршіндері үшін айналыса бастады. Өнерге деген талпынысын жанұясы құптайды. Әселдің жолдасы барлық бастамасын қолдап, ата-енесі бос уақытта балаларына қарауға көмек етеді.

– Балаларым сахнаға шықса, олардың костюмдерін өзім тіксем екен деген арман болған. Мен көп нәрсені білгім, үйренгім келеді. Тек киіммен шектеліп қалғым келмейді. Қолөнер бұйымдарын да істеймін. Себебі дайын образға әшекей-бұйым қосымша қажет етіп тұрады. Қолсөмке, бомбер, тақиялар да тігемін, – деді ол. 

Павлодар облысы бойынша «Қазақ аналары – дәстүрге жол» филиалының республикалық қоғамдық бірлестіктің төрағасы Айжан Апсаттарованың сөзінше, Әселдің еңбегі шетелде де жоғары бағалануда. 

– «Сен сұлу» жобасымен Әсел бірінші рет сахнаға шықты. Бұл оның алғашқы қадамы. Павлодар өңірі бойынша өнерлі азаматтарына киім тігіп, беріп жатыр. Шеберлік мықтылығы сондай, әртістердің арқасында Америка, Германияға да киімдері тарап кетті. Осындай қыздарымыз шығып жатқанымызға мақтануымыз керек, өйткені олар ертеңгі тұлғаларымыз, – деді Айжан Апсаттарова.

Ол Әселдің бірлестікке қосылғанына бір жыл болғанын айтады. 

– Біздің ортамызға келгелі бір жылдан аса уақыт өтсе де, қоғамдағы керемет жұмысын бақылап отырмыз. Әр қыз бала ине ұстаса, шебер болып кетуі мүмкін, өйткені біздің бойымызға сіңіп кеткен. Кезінде аналар жоқтан бар істеп, құрақ тігіп, бізді өсірді. Аналарымыз жасаған шаруаны істедік, соны көріп өскен біздің қатарластарымыз оны жастарға айтып жеткізу міндетті. Біз өстік болдық, жеттік деп айтпау керек, ары қарай ұрпаққа көрсетуге атсалысу қажет, – деп атап өтті Айжан Апсаттарова.

Шара барысында домбыра тартылып, шашу шашылып, шапа кигізу рәсімі жүргізілді.

Фото: Есенжол Исабек