Павлодарда ұмыт болған оюлар мен заманауи киімдер үйлесімі көрсетілді

Павлодарда ұмыт болған оюлар мен заманауи киімдер үйлесімі көрсетілді
Фото: Есенжол Исабек

Дизайнер Мұқағали Мақатаевтың «Қасиетті тілімнен түңілмедім» атты өлең жолдарынан шабыт алып, көрсетілім жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ұлттық киім күні «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығында қазақтың ұлттық киімдеріне арналған «Оюлар сойлейді» сән көрсетілімі өтті.

Өңіріміздегі алғашқы заманауи сән көрсетілімі орталық пен «Ханым» сән үйінің бірлесуімен ұсынылды.

–    Көрсетілімде ұмыт болған ою-өрнектерді қайта жаңғыртып, ұлттық киім кию мәдениетін қалыптастырып, оны күнделікті өмірге бейімдеуді мақсат етіп отырмыз, – дейді топтаманың авторы Айзат Байтенова.

Ол ұлттық киімді тек Наурыз мерекесінде ғана емес, күнделікті өмірде киіп жүруді сәнге айналдыру үшін қазақи өрнектермен көмкерілген, заманауи киім үлгілерінен сән көрсетілімі болатынын жеткізді.

–   Жастарымыз этникалық стильдегі тігілген киімдерге көп қызығушылық танытып, бірте-бірте тарихымызға еніп барады. Сол себепті де заман талабына сай үлгідегі киім жобалап, тіктік, – дейді сән үйінің тігіншісі Зарина Махмудовна.

Топтама авторының айтуынша, әрбір ою белгілі бір мағынаға ие. Тіпті Мұқағали Мақатаевтың «Қасиетті тілімнен түңілмедім» өлеңімен үйлескен өрнек композициясы да көрермендерге көрсетілді.

Сонымен қоса қазақ әйелінің өмір жолын бейнелейтін бір түсті матадан тігілген, әр жасқа лайықталған көйлектер арқылы бүлдіршін қыздан дана әжеге дейінгі кезең суреттелді. Әрі бір жастағы сәбилерге арналған ұлттық киім үлгілері ұсынылды.

Айта кетейік, көрсетілімдегі киімдер сатылымға шығарылады, әр адам өз өлшеміне қарай тапсырыс бере алады.