Павлодар облысында карантинге жабылған сыныптар жоқ

Павлодар облысында карантинге жабылған сыныптар жоқ
Фото: Константин Шелков

Облыстағы барлық мектептер қалыпты режимде жұмыс істеуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде оқушылар арасындағы жедел респираторлық вирустық инфекциялар деңгейі жалпы контингенттің 13 пайызын құрап отыр. Бұл туралы облыстық білім беру басқармасы тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Сәуле Исабаева хабарлады.

Оның айтуынша, балаларды қашықтан оқыту форматына көшіру ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес реттеледі. Құжатта көрсетілгендей, егер бір сыныптағы оқушылардың 20-30 пайызы бір инкубациялық кезең ішінде сырқаттанса, онда мектептерде кабинеттік жүйе уақытша тоқтатылады, яғни «бір кабинет – бір сынып» қағидаты енгізіледі. Сондай-ақ, 10 күн ішінде жаңа балаларды қабылдауға тыйым салынады.

Ал сыныптағы сырқаттанғандар 30 пайыздан асқан жағдайда, сол инкубациялық кезеңге сынып толықтай онлайн форматқа ауыстырылады. Бұл шешімді оқу орнының басшысы өзі қабылдайды.

– Бүгінде облыстағы жағдай тұрақты. Өңір бойынша қашықтықтан оқыту режиміне ауысқан мектептер мен балабақшалар жоқ. Мекемелер қалыпты режимде жұмыс жасап жатыр, – деді Сәуле Исабаева.

Бөлім басшысының сөзінше, шаһардағы 51 мың оқушының сегіз мыңнан астамы  ЖРВИ-мен ауырып отыр, алайда бұл көрсеткіш санитарлық талаптарда көрсетілген шекті деңгейге жетпеген.

Сондай-ақ онлайн оқуға көшу қажет болған жағдайда техникалық құралдар мәселесі қиындық тудырмайтыны айтылды. Оқу мекемелерінде планшеттер мен ноутбуктер қарастырылған, бұл құрылғылар әлеуметтік осал топтағы балаларға беріледі.

Мектептерде күн сайын ылғалды тазарту жүргізіледі, медициналық қызметкерлер оқушыларды таңертеңгі фильтрден өткізіп отырады. Ауру белгілері байқалған балалар үй жағдайында емделуге жіберілуде.