Журналистика қосқан жұптар: Қызмет арқылы отбасын құрған павлодарлық тілшілер кімдер?
@Pavlodarnews.kz тілшісі университет қабырғасында танысып, оқуын аяқтап, журналистика саласына бірге қадам басқан павлодарлық тілшілердің махаббат хикаясын сұрап білді.
Павлодар облыстық телеарнасының ардагері, «Қазақстанның құрметті азаматы» Ақмарал Сағынбекова 1982 жылдан БАҚ саласында еңбек еткен. «Ertis» облыстық телеарнасында телебағдарламалар редакциясында бас редактор, директордың орынбасары қызметтерін атқарды. Ақмарал Сағынбекованың «Ауыл және адамдар», «Келбет» авторлық бағдарламалары көрерменнің сүйікті хабарларына айналды.
– Мен мектепте оқып жүрген кезден-ақ осы мамандыққа қызығушылығым болды. Ауылда бұл мамандықтың атын да білмейтін кезде мен «журналист боламын» дейтін едім. Армандар алдамайды екен. Сонымен мектеп бітіргеннен кейін екі жылдан соң Алматыдағы С.М. Киров атындағы университетке түстім, – деп есіне түсіреді Ақмарал Сағынбекова.
Оның сөзінше, сол кезде С.М. Киров атындағы университеті – Қазақстандағы жалғыз университет болатын. Абитуриенттің екі жыл еңбек өтілі болуы шарт болған.
– Сол себепті мен екі жыл еңбек еттім. Қабылдау емтиханы алдында шығармашылық байқау болатын. Ол кезде журналистика мамандығына қабылдау күрделі болатын-ды, – деді тілші.
Ақмарал Сағынбекова өзінің өмірлік жарымен университетте танысқанын айтады.
– Жолдасыммен қыркүйекте, сабақ басталған кезде таныстым. Ол кезде дайындық курсы болатын. Ғалымбек Жұматов оқуға осы курстан қабылданған екен. Он бір бала дайындықтан қабылданған болды. Керекулік шашы бұйра, аққұба, мәдениетті, білімді, сыпайы жігіт көп қыздарға ұнап қалған-ды. «Мен білемін, білімдімін, көзге түсейін» демейтін үнемі орнықтылық танытатыны көпшілікке, ұстаздарға ұнайтын. Біз осылай таныстық, – деді Ақмарал Сағынбекова.
Осылайша университет бітірерде Ғалымбек Жұматов пен Ақмарал Сағынбекова шаңырақ көтерген. Тілші ең бірінші қоқыс салатын шелек пен үтік алған сәттерін есіне түсіруде.
– Дипломмен бірге Мира қызымыз өмірге келді. Жолдамамен Ғалекеңнің елі Павлодарға келдік. Осылай «үш дипломмен» үлкен өмірге қадам бастық. Мен баламен үш жыл үйде отырдым да, Ғалымбек облыстық «Қызыл ту» газетіне тілші болып орналасты. Кеңес кезінің бір жақсылығы жолдамамен келген жас маманды үй-жәймен қамтамасыз ететін. Бізге де шарапаты тиді. Жеті ай ішінде бізге жас отбасы деп саңғырлаған жап жаңа тоғыз қабатты үйдің кілтін берді. Біз үйге кіргенде дипломат пен манежден (баламыздың кереуеті) мүлкіміз болмады. Ойпырмай, екі бөлмені қалай жиһазбен толтырамыз деп басымыз қатқаны шындық! Үйге қандай заттар алуды да білмедік. Қазір еске алып, күліп аламыз, – деп атап өтті тілші.
Баласы балабақшаға барғанда үш жылдан соң, облыстық радиотелевидение комитетіне редактор болып орналасып, қызмет жолын бастады.
– Кейін комитеттің атауы сан өзгерді. Қосылғыштың орыны өзгерсе де, қосындысы өзгермейді дегендей, осы мекемеде 30 жыл еңбек еттім. Танымал тележурналист атандым, еңбегімді ел бағалады! Талай марапттарды қанжығама байладым! Облыстағы тұңғыш авторлық бағдарлама менікі болды. Отбасым менің алаңсыз еңбек етуіме жағдай жасады. Іс-сапарларға шығып, мазасыз журналистік еңбегімді атқаруыма жолдасымның көмегі зор болды. Міне, осылай қиын да, қызық журналистік еңбектің бақытына бөлендім! – деді Ақмарал Сағынбекова.
Бүгінде Жұматовтар шаңырағы екі баланың ата-анасы және екі немеренің әже-апасы атанып отыр.
Келесі жұпты да журналистика саласы тоғыстырған. Айдана Қуанышева жолдасы Данияр Жұмаділовпен «Saryarqa samaly» газетінде жұмыс істеген шақта танысқан.
– Менің журналистика саласын таңдауыма себепкер болған – «Saryarqa samaly» газеті. Ең алғашқы мақалам мектеп кезінде газетіндегі балалар мен жасөспірімдерге арналған «Айналайын» қосымшасында жарық көрді. Сол 5-11-сынып үзбей туындыларымды хат арқылы жолдап, жарияланып келді, – деді Айдана Қуанышева.
Ол 2010 жылы мектепті бітіргеннен кейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне оқуға журналистика факультетіне түсті.
– Ең алғаш бірінші курста жүргенде «Saryarqa samaly» газетіне тәжірибе өтуге келемін. Ол кезде Данияр газеттегі жастарға арналған «Жас times» қосымшасын жүргізіп жүрді. Тәжірибе өтуге келген онымен таныстым. Өзім университетте оқып жүргенімде де газетке мақалаларымды үзбей жіберіп тұрдым. Екінші курста оқып жүрген кезде «Айналайын» қосымшасында 5-11-сыныптан бері жарияланған мақалаларымды кітап қылып шығарамын. «Көңіл толқыны» атты кітапты редакция мүшелеріне сыйға алып келген кезде Даниярмен жақын таныса бастадым. Ал ол «Жас times» он жылдығына дайындалып, арнайы кітап әзірлегенде жұмыс бабымен екеуіміз жиі араласа бастадық. Соның нәтижесінде сезім пайда болды, – деді Айдана Қуанышева.
Осылайша жастар 2013 жылы қыз бен жігіт болып жүре бастап, 2017 жылы шаңырақ көтерген.
– Журналистика саласындағы жұптар болғаннан кейін мен үшін жақсы жағы көп. Тілші белгілі бір уақыт аралығында қызмет атқарып үйге кете алмай, тәуліктің кез келген уақытында іс-сапарларға барады. Жолдасым осы саланың қызметкері болғаннан кейін мені жақсы түсінеді, көмектеседі, қолдау білдіреді. Демалыс күндері оған жиналыс жазылса, егер оның қолы босамай басқа бір жұмысқа барса, орнына мен барамын. Егер бір материалды жазуға үлгермей жатсақ, бір-бірімізге аяқтап тастауға жібереміз, – дейді ол.
Күні бүгінге дейін Айдана Қуанышева газеттің беттерін толтырып жүр. Екеуі қыз баланы тәрбиелеп отыр.