Павлодар облысында балабақшаларға азық-түлікті жоғары бағамен жеткізуге жол берілмеді

Павлодар облысында балабақшаларға азық-түлікті жоғары бағамен жеткізуге жол берілмеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қаржылық мониторинг агенттігі Павлодар облысының мектепке дейінгі мекемелерінде ӘМАТ бағасын негізсіз қымбаттату фактілерінің жолын кесті. 

Жүргізілген мониторинг барысында ЖШС-нің өңірдегі 158 мектепке дейінгі мекеменің 108-нің негізгі жеткізуші болғаны анықталды.

Мектепке дейінгі мекемелермен, яғни балабақшалармен жасалған шарттарда өндіруші зауытынан алған бағадан ӘМАТ-тың түпкілікті тұтынушысына дейінгі баға айырмашылығы болған. Атап айтқанда, күнбағыс майы 286 пайыз үстемақымен, қарақұмық жармасы – 150 пайыз, қант – 93 пайыз, тауық жұмыртқасы – 79 пайыз,  тұз – 66 пайыз, күріш – 36 пайыз,  сары май 22 пайыз  үстемақымен жеткізілген.   

– Қабылдаған шаралардың нәтижесінде аталған ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жеткізушімен жасалған шарттар күшін жойды. Қазіргі уақытта мектепке дейінгі мекемелерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлі жеткізу шарттары қайта қаралып, жаңа келісімшарттар жасасу мәселесі қаралуда. Осылайша үнемделген қаражат сомасы 30 миллион теңгеден асты, – деді қаржылық мониторинг агенттігінде. 

Айта кетейік, ӘМАТ тауарларына баға белгілеудің делдалдық схемаларын тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялар шеңберінде агенттік бюджеттік ұйымдарға жеткізілетін азық-түлік бағасына жүйелі түрде мониторинг жүргізуде.