Зумба мен джампинг: Тереңкөл жастары бос уақытты қалай өткізуде?

Зумба мен джампинг: Тереңкөл жастары бос уақытты қалай өткізуде?
Фото:pixabay.com

Львовка ауылында үлкен-кішісіне дейін барлық жағдайлар жасалған. Жұмыссыз жүрген бір де бір жан жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Тереңкөл ауданынан 50 километр қашықтықта Верненка ауылдық округі орналасқан. Оған екі ауыл – Львовка мен Фрументьевка кіреді. Верненка ауылдық округінің әкімі Алтынай Дүйсембаеваның айтуынша, Львовка ауылы былтыр «Ауыл – ел бесігі» жобасына енгізілген, бірқатар ауқымды нысандар күрделі жөндеуден өтіп, жаңадан салынды. Мысалы, ауылдағы мәдениет үйінің кірпіші қырық жыл бұрын қаланған. Ғимарат КСРО кезінен бері ешқандай жөндеу көрмеген. Ал 2022 жылы 123 миллион теңгеге мәдениет үйінің жылыту жүйесі, шатыры, едендері, жарықтандыру ауыстырылып, ішкі  және сыртқы жұмыстар жасалды. Мердігерлер жаңадан терезе мен есіктер орнатып, 150 орындық сахнаны істеп берді. 

–  Бұрындары мұнда өте суық болды. Қысқы спорт киімде отыратынмын. Төбесі ағып, батареялар мұздай суық болатын. Енді міне, биыл модульдік қазандық қойылып, қосымша жылу көзі пайда болды, – деп атап өтті мәдени ұйымдастырушы Татьяна Марьина.


Бүгінде қалпына келтірілген бір қабатты мәдениет үйінде жастардың бос уақытын қамту үшін барлық жағдай жасалған. Қолөнершілер үшін арнайы кабинет бар. Ол жерде балалар тігін тігіп, тоқыма тоқып, түрлі заттарды қолмен жасайды. Кіреберісте ауыл тұрғындары теннис пен шахмат ойнап, кітапханадан жаңа әдебиетті оқи алады.

–  Бізде үш шығармашылық ұжым бар – «Сябрына» беларусь этномәдени бірлестігі, ересектерге арналған «Грация» би ұжымы мен балаларға арналған Томирис би тобы. Аудандық мәдениет бөлімі арнайы тапсырысқа тіккізіп берген 14 ұлттық нақыштағы костюммен шығып, өнер көрсетеміз, – деді Татьяна Марьина.


Оның сөзінше, мәдениет үйі таңнан бастап, кешке дейін   балаларға толы болады. Әр сенбі мен жексенбі күндері би кештері, мерекелерге орай түрлі концерттер ұйымдастырылып жатады. 

–  Баларды күшпен кіргізбейміз. Оларды бұл жерден шығару өте қиын. Біз оларға «үйге қайтыңдар» деп өзіміз айтып, жүреміз. Ал тұрғындар «концерт қашан болады?» деп үнемі сұрайды. Бұл жерде өмір қарбалас, қайнап жатады, – дейді мәдени ұйымдастырушы.

Татьяна Марьина мәдениет үйіне жақсы би үйретушісі керек екенін жасырмайды. Себебі, балалармен жергілікті дене шынықтыру пәнінің мұғалімі жұмыс істейді.

Ауылда спорт мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Мәдениет үйінің қасында «Вильгельм» ауылшаруашылық қожалығының басшысы салған спорт кешенінде балалар волейбол ойнап, болашақ чемпион атануға дайындалуда. Былтыр ғимаратта жөндеу жасалып, қауіпсіздікті нығайту мақсатында арнайы линолеум төселді. Залдың тағы бір ерекшелігі бұл – көрермендерге арналған трибуналардың жоғарыда орналасуы. Яғни, спортшыларға да, тұрғындарға да қолайлы жасалған. 

–  Біздің балаларымыз волейболдан үздіктердің қатарында. Әрдайым аудандық, облыстық, тіпті республикалық деңгейде ойнайды, – деді дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, ауыл тұрғыны Маржангүл Сұрұмбетова. – Өзім спортпен бала кезімнен бері шұғылданамын. Балалалармен бірге теннис, волейбол ойнап, акробатикадан жаттығуларды көрсетемін. Ал көрші Тереңкөл ауылында келініммен бірге зумба үйретемін. 18 бен 70 жастағы қыздар, әжелерге бимен пайдалы сауықтыру қимылдарды жасатамын. Йога да өткіземін.

Оның сөзінше, Львовка ауылында бір әйел кәсіпкер бірнеше батут сатып алып, джампинг кәсібін ашқан. Ал қыс кезінде оларды мәдениет үйіне беріп қояды. Тұрғындар қуана келіп, секіріп тұрады. 


Сондай-ақ, ауылда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша салынған шағын футбол алаңы бар. Ауылдық окрук әкімінің айтуынша, жастар сабақтан кейін сол жерге жүгіріп, доп ойнайды. Алаңның есігі әрқашан да ашық болады.

Фото: автор