Успен ауданының бес ауылында медициналық пункт салынады
Бес ауылда да мердігер – «Ер Алаш» корпорациясы ЖШС, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Тимирязево, Қызылағаш, Ковалевка, Қаратай, Қозыкеткен ауылдарында медициналық пункт бой көтереді. Әрбір келісімшарттың құны 130 миллион теңгеден астам соманы құрайды.
Сараптаманың оң қорытындысы алынған. Мердігерлік ұйымды анықтау бөлігінде конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Құрылысты аяқтау мерзімі 2024 жылғы қараша-желтоқсанға жоспарланған. Медициналық нысандарға 77,35 млн теңге бөлінді, ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне Үкімет резервінен 700 млн теңге сомасына қаражат бөлу үшін бюджеттік өтінім жіберілген.
Нысандар бойынша жер телімдері рәсімделіп, инженерлік желілерге қосылуға техникалық шарттар алынған. Медициналық мекемелер қолжетімді жерде орналасқан, сондай-ақ аудан әкімдігімен келісілген.
– Бұған дейін аталған бес ауылдағы медициналық пункттер әкімдіктер мен мектеп мекемелерінің ғимараттарында болған және жалға берілген үй-жайларда орналасқан. Әрбір медициналық пунктте медбике жұмыс істейді. Медициналық пункттерде ересектерге және балаларға амбулаториялық-емханалық көмек көрсетеді, – дейді басқармада.
Тимирязев ауылында – 232 адам, Қызылағаш ауылында – 251 адам, Ковалевка ауылында – 364 адам, Қаратай ауылында – 355 адам, Қозыкеткен ауылында 482 адам тұрады.