ҚазАвтоЖол жұмысына салғырт қараған мердігерлермен келісімшартты жойды
Республикалық жолдарды салушы және жөндеуші бес мердігер компаниямен келісім тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биыл 5 мердігер ұйыммен келісімшарт тоқтатылды. Мердігерлер жолды орташа және күрделі жөндеу жұмыстарына салғырт қарап, бекітілген кестеге сәйкес жұмыс атқармады. Айта кетейік, мердігерлер өз міндеттерін орындамаған жағдайда «ҚазАвтоЖол» тарапынан айыппұл салынады. Сонымен қатар, оларды «мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану«туралы сотқа талап-арыздар жіберіледі», - дейді ұлттық компания.
Сондай-ақ, ресми ақпаратта айтылғандай, биыл жол жұмысшыларының жалақысы 30% өскен.
«Жол мамандары мен жұмысшылар жыл бойы жұмыс істейді. Көктемде бастап, күн суытам дегенше жалғастырады. Жұмысшыларды материалдық тұрғыда ынталандырып, кадр тапшылығы мәселесін шешу мақсатында жыл басынан бері олардың жалақысы 30%-ға көтерілді», - делінген хабарламада.