Қазақ тіліндегі мультфильмдер жасауға бюджеттен 350 млн теңге бөлінді

Қазақ тіліндегі мультфильмдер жасауға бюджеттен 350 млн теңге бөлінді
Фото: pixabay

Қазақ тіліндегі мультфильмдер саны көбейеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов телеграм каналынды жазды, деп хабарлайды @Kazinform тілшісі.

Депутат қазақ тіліндегі мультфильмдер өте аз, ал YouTube сияқты қолжетімді платформаларда мүлде жоқтың қасы екенін атап өтті. 

Бүгінгі күні бұл үлкен мәселе, өйткені балалар теледидардан гөрі интернет пен YouTube-ты көбірек таңдайды. Балалар «Синий трактор» мен «Маша и Медведь» сияқты мультфильмдермен шектелмей, сапалы әрі қызықты қазақша мультфильмдерді көруі тиіс. Осы мақсатта, келесі жылдың бюджет жобасын қарастыру барысында, қазақ тіліндегі мультфильмдер жасауға 350 миллион теңге бөлуді және олардың тек теледидарға емес, міндетті түрде интернетке, соның ішінде YouTube-қа жүктелуін қамтамасыз ететін норманы заңға енгіздік. Бұл балалардың қазақ тілінде қызықты контентке қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтеді деп сенеміз, – деді депутат.

Оның айтуынша, әлемдік хит мультфильмдерді де мемлекеттік тілге аударып, YouTube-қа жүктеу маңызды. Бұл үшін авторлық құқық иелерімен ауқымды жұмыс қажет. Әзірге бұл мәселе толық шешілген жоқ, бірақ алдағы уақытта осы бағытта жұмыстар жалғасын таппақ.