Қазақстанда ауыр жүк көліктерінің салмақ нормасын бұзуы жиілеген
Жыл басынан бері автоматтандырылған станциялар 870 мыңға жуық ықтимал заңбұзушылықты тіркеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оның ішінде салмағы 50 тоннадан асатын көліктер бойынша шамамен 139 мың, 100 тоннадан асатын көліктер бойынша 12 мыңға жуық дерек тіркелген. Ал салмағы 200 тоннадан асатын көліктерге қатысты мыңға жуық жағдай анықталған.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ауыр көліктердің белгіленген салмақтан жүйелі түрде асып жүруі жолдың мерзімінен бұрын тозуына әкелетінін атап өтті. Артық жүктеменің салдарынан жолда ойық іздер, ығысулар мен жабын деформациялары пайда болып, жөндеуаралық мерзім қысқарады.
Мәселе әсіресе жаңадан салынған және қайта жаңартылған автожолдарды сақтау үшін маңызды.
– Мәселе жүк көлігінде емес – артық жүкте және баршаға ортақ талаптардың сақталуында, – деп атап өтті «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.
Сонымен қатар кейбір жүргізушілердің автоматтандырылған бақылаудан жалтаруға тырысатыны анықталған. Ауыр жүк көліктері өлшеу станцияларын жол жиегі немесе техникалық өткелдер арқылы айналып өткен жағдайлар тіркелген. Кейбір учаскелерде бұған жол бермеу үшін қойылған физикалық кедергілерді бөгде адамдар алып тастаған.
Жыл басынан бері автоматтандырылған өлшеу станциялары нысандарының өртенуіне қатысты үш жағдай да тіркелді. Олардың себептері мен мән-жайларын құзырлы органдар анықтап жатыр.
«ҚазАвтоЖол» автоматтандырылған өлшеу станциялары желісін дамытып, жабдықтарды қорғау және бақылауды айналып өту әрекеттерінің алдын алу жұмыстарын жалғастыратынын хабарлады.
Компания жүк тасымалдаушыларды, ауыр жүк көліктерінің иелерін, құрылыс және өнеркәсіп кәсіпорындарын белгіленген салмақ пен осьтік жүктеме талаптарын сақтауға шақырды.