Қойшы, шопыр: Баянауылдық тума талант «Беу, жігіттер» жайлы не білеміз?

Қойшы, шопыр: Баянауылдық тума талант «Беу, жігіттер»  жайлы не білеміз?

@Pavlodarnews.kz тілшісі биыл құрылғанына 40 жыл толған тарихи топтың өткені мен бүгініне шолу жасады.

«Беу, жігіттер» халық ансамблі 1986 жылы желтоқсан айында Баянауыл ауданы мәдениет үйінің жанынан үгіт-насихат бригадасы ретінде құрылған.  

Олар 1991 жылы Кабардино – Балкарияда  өткен дүниежүзілік түркітілдес фестивалінде және 1993 жылы Дағыстанда өткен «Радига» фестивальдерінде өнер көрсетіп, лауреат атанған. 2001 жылы бұл топқа «Халықтық көркемөнер ұжымы» атағы берілді. 40 жылдық тарихы бар  ансамбльдің жетістіктері өте көп. 

Павлодар облысы Майра Шамсутдинова атындағы ән-өнер шығармашылығы мұражай үйінің басшысы Ерлан Рахимов тарихи топтың ізі сөнбесін деген мақсатпен 2019 жылы мұражайда «Беу, жігіттерге» арналған бұрыш ашқан. 

– Оларға туған жерлері Баянауылда бұрыш болмады. Содан «Беу, жігіттердің» өнерлері де, өздері де тарихта қалу керек деген бір ой келді. Осылайша мұражайымызда оларға арналған бұрыш ашылды. Онда алғашқы топтың дабыл, домбыра, баян сияқты аспаптары, алған мадақтары, сахналық киімдері қойылған, – дейді Ерлан Рахимов.

Мұражай басшысы атақты топтың алғашқы аспаптарын да іздеп табу оңай болмағанын айтады. Белгілі болғандай олардың бәрін Баянауылда жертөлеге шығарып тастаған, көбі сынып, шашылып жатқан. Аспаптардың шанақтарын, бунақтарын жаңадан салып, аспапта ойнауға келетіндей реставрация жасатқан. 

– Құрылғаннан бері халықтық ансамбль атағын алған топ Қазақстанның ішінде де, сыртында да, халықаралық конкурстар болса да ешқашан жүлдесіз қайтпаған. Оған қоса, алғашқы құрамында өнер көрсеткен жігіттердің музыкалық білімдері болмаған.  Олардың бірі – қойшы, бірі – шопыр, бірі қара жұмыстағы адамдар болған. Халықтың ішінен шыққан нағыз таланттар. Павлодар өңірінде бұл кісілерге тең келетін ансамбль болмаған. Жалпы қазақстанның басқа облыстарында оларға деген құрмет өте керемет болған, – деп еске алады мұражай басшысы. 

Тіпті, Алматыда әрбір облыстардан жиналған ансамбль-оркестрлердің үлкен бір құрылтайында еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев тек қана «Беу, жігіттер» тұрған сахнаға көтеріліп, олармен бірге өлең айтқан. Оған өнерпаздардың репертуарларының мықты болғандығы, тартымдылығы, бір қағидаға қатып қалмай шеңберден шыға біліп, тамылжыта ән шырқауы мен аспаптарының құлағында ойнауы себеп болса керек. Халықтың ішінен шыққан ансамбль елдің жүрегіне жол таба білген. 

Бүгінгі күні үшінші буыны алмасып отырған шығармашылық ұжымның бірінші толқынының жетекшісі Жүрсінбай Мұқаев болған. Ал топ құрамында Тұрсынбек Абдықалықов, Қуандық Қалиев, Рамазан Бектаев, Рымбек Баязитов, Батырхан Нүрпейісов атты таланттар өнер көрсетті. Екінші толқын құрамында Бекболат Түсіпбаев, Болат Тезекбаев, Дәулет Бабиев, Кенжеболат Түсіпбаев, Есенгелді Жантыбаев, Бекзат Тұманбаев, Манарбек Баймағамбетов, Баграм Рахимов, Амангелді Райхан және Ардақ Карғожин болды. 

Үшінші толқын, яғни қазіргі «Беу, жігіттер» халық ансамблі құрымында өнер көрсетіп жүрген Мәди Есмақаев, Жандос Адамов, Назым Жайбосынов, Мереке Олжатай, Алтай Омаров, Қанат Әбдіғомар, Мерхат Қайыркен, Нұрсұлтан Қатай, Тілек Магұлов, Мадияр Болат, Жақсылық Тәңірберген, Мұхамедәли Мәулит, Қуаныш Серіков Ертіс-Баян жұртшылығының көзайымына айналды.