Павлодарда жас музыканттар сахнада шеберлік көрсетті

«Жас музыкант» республикалық байқауына баратын өнерпаздар анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Музыкалық колледжде дарынды ұжымдарды анықтайтын жас музыканттардың 58-ші облыстық фестиваль-байқауы өтті. Бұл шара музыка әуесқойлары мен дарынды жас орындаушылар үшін маңызды оқиғаға айналды. 267 қатысушы Павлодар облысының балалар музыка мектептері мен өнер мектептерінен келіп, музыкалық шығармаларды орындауда өздерінің дағдылары мен шығармашылық жетістіктерін көрсетті.
Байқау халық аспаптары номинациялары бойынша өтті. Қатысушылар өздерінің орындаушылық деңгейін, таңдаған туындыларына деген шығармашылық көзқарасын көрсетіп, үздік өнерін паш етті. Әрбір қатысушы өз шығармашылығын ең жақсы қырынан көрсетуге тырысты.
Қазылар алқасының құрамына колледждің жетекші оқытушылары мен шақырылған кәсіби мамандар кірді. Олар қатысушылардың дайындық деңгейін жоғары бағалап, әрбір конкурсантқа өз шеберліктерін одан әрі дамыту үшін пайдалы кеңестер мен ұсыныстар берді.
– Студенттер мен мектеп оқушылары толқуларын жеңе отырып, сахнада өз өнерін сенімді түрде көрсетті. Бұл шара тек қатысушыларға өз таланттарын көрсету мүмкіндігін ғана емес, сондай-ақ, олардың музыкалық жолындағы маңызды қадам жасауға мүмкіндік берді, – деп атап өтті музыкалық колледж басшысының орынбасары Айнұр Карашина.
Шараның қорытындысында облыстық кезеңнің жеңімпаздары анықталды. Олар республикалық деңгейде облысымызды таныстырады.
– «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ домбыра». Мен домбыраны өте ұнатамын және ол өте жеңіл, қиын емес. Домбырада әдемі күйлер бар. Осы байқауда төрт күй орындадым – «Сүгір», «Кербез сұлу», «Би», «Науаи», – деді қатысушы Есімхан Бекмұрат.
Байқаудың Гран при иегерлері – Құрманғазы атындағы БММ «Тұмар» домбырашылар ансамблі, жетекшілері Анар Апергенова, Шынаргүл Әуелбаева, қобыз сыныбының кіші жас тобынан Айша Жанбосинова, Ертіс ауданынан Никита Храмов, Жаяу Мұса атындағы Баянауыл балалар өнер мектебінің тәрбиеленушісі Мәди Құрманғазы, Павлодар қаласының БММ «Маэстро» гитаристер ансамблі шығармашылық ұжымның жетекшісі Берік Жұпашев атанды.
– Осы сайыста Гран при алдым. Өзімді керемет сезініп тұрмын. Хоббиім – домбыра. Оны өте жақсы көремін және ұстазыма көп алғысымды айтамын, – деді байқау жеңімпазы Мәди Құрманғазы.
Барлық қатысушылар дипломдар және Алғыс хаттармен марапатталып, болашақтағы музыкалық жетістіктеріне үлкен серпін алды.